Қасым-Жомарт Тоқаев Борис Джонсонды Ұлыбританияның Премьер-министрі лауазымына сайлануымен құттықтады, деп хабарлады Zakon.kz Президенттің ресми сайтына сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы Қазақстан халқының және жеке өзінің атынан Борис Джонсонды Ұлыбритания Біріккен Корольдігінің және Солтүстік Ирландияның Премьер-министрі лауазымына сайлануымен құттықтады.

"Басқарушы Тори партиясының көшбасшысын сайлаудағы Сіздің айқын жеңісіңіз Ұлыбританияның игілігі жолында қол жеткізген таңқаларлық табыстарыңыздың және адал қызметіңіздің мойындалуын көрсетеді", – делінген жеделхатта.

Мемлекет басшысы Қазақстан мен Ұлыбританияның стратегиялық серіктестікті берік достық, өзара сенім мен түсіністік негізде дамытып отырғанын атап өтті. Сондай-ақ Қазақстан Президенті екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға және жаңа инвестициялық мүмкіндіктердің ашылуына сенім білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Борис Джонсонға жаңа қызметте табыс, сондай-ақ, британ халқына бақ-береке тіледі.