Түркістан облысында барлығы 606 мемлекеттік орган жұмыс істейді. Оның 445-і жергілікті атқарушы және 161-і орталық органдардың аумақтық департаменттері. Бұл туралы Түркістан облысы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте  Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Ғалым Тұрсынбаев мәлімдеді.

 Сондай-ақ баспасөз мәслихатында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Түркістан облыстық филиалының директоры Жанат Момынқұлов филиал тарапынан 2019 жылғы 1- жартыжылдық есебі туралы толығырақ баяндама жасады.

Соңғы алты айда департамент тарапынан 32 тексеру жүргізіліп, 1 558 құқықбұзушылық анықталды. Заңсыздықтарды жою мақсатында 98 ұсыныс енгізіліп,  20 қызметкерге тәртіптік жаза қолданылды. Ал 9 лауазымды тұлғаға әкімшілік тарапынан іс қозғалған. Нәтижесінде 231 300 теңге айыппұл өндірілді. 

«Әдеп жөніндегі кеңес шешімімен 27 лауазымды тұлғаны тәртіптік жауапкершілікке тарту ұсынылып, оның ішінде мемлекеттік қызметшіге сай емес мінез-құлық көрсетіп, дөрекілік танытқан 2 лауазымды тұлға және сыбайлас жемқорлық фактілерін біле тұра құзырлы мекемелерге хабарламаған 1 басшы қызметінен босатылды. 

Мансаптық жоғарлату ішкі конкурстар нәтижесінде 242 мемлекеттік қызметші жоғары лауазымдарға тағайындалған. Сөйтіп  мансаптық өсу көрсеткіші 67,2 пайыз құраған», – деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері Агенттігі Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Ғ. Тұрсынбаев.

Былтырдан бастап тестілеу орталығы жұмыс істеп жатыр. Тестілеуге 914 адам қатысты. Оның 32 пайызы оң нәтижесін алды.

Жалпы сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағытында 300 мыңнан астам адамды қамтыған 1700-ге жуық іс-шара ұйымдастырылды. Оның ішінде мектептер, колледждер және жоғары оқу орындарында 110 түсіндіру жұмысы жүргізілген. Ал «Түркістан – адалдық алаңы» жобасы аясында – 700 -ден  астам шаралар атқарылды. 

Сонымен қатар Түркістанда «Түркістан – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі жұмыс істейді. Алты ай қорытындысы бойынша жобалық кеңсемен 438 іс-шара атқарылды. Аталған іс-шаралар білім беру ұйымдарынан бастау алды. Өңірдегі жоғары қабатта отырған 316 мектеп директорының 308-і ашықтықты қамтамасыз ету үшін 1 қабатқа орналастырылды. Сонымен қоса, 8000-нан астам ауыл тұрғындарына «Ашық Түркістан» жобасы аясында құқықтық, заңнамалық көмектер көрсетіліп, 40 ауылдық әкімдіктерде барлық тұрғындарға қол жетімді тегін WI-FI, стационарлы тегін телефон, компьютер және принтерлер қойылды.  Бұл жоба аясында қоғам арасында  адалдық, парасаттылық негіздерін қалыптастыру мақсатында облысымызда соңғы 6 ай ішінде жоблаық кеңсе бастамасымен,  818 «адалдық дүкені» ашылды.

«Биыл Түркістанда жұмысын бастаған ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Түркістан облыстық филиалы мемлекеттік қызметтің тиімділігін күшейту мақсатында мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттырып, қайта даярлауды жүзеге асыруда. Академия филиалы Түркістан облысы әкімдігі мен агенттік департаментінің қолдауымен бірінші жартыжылдықта 5 қайта даярлау курсы мен 20 біліктілігін арттыру семинарында 646 мемлекеттік қызметшіні оқытты. Филиалда биыл 1092 мемлекеттік қызметшіні оқыту жоспарланған. Бұған қоса, жоспардан тыс, ақысыз 10 семинарда – 279, жалпы, 923 адам оқытылды», – деді Ж. Байжомартұлы.


Дереккөз: Түркістан облысы өңірлік коммуникациялар қызметі