Түркістан облысы, Бәйдібек ауданы, Шақпақ ауылындағы көпбалалы Өмірзақова Ақбаланың жанұясы баспаналы болды. Бұл туралы turkistannews.kz тілшісі хабарлайды.

Пәтерден пәтерге көшіп, жалдамалы үйде 4 баланы асырап, тұрмыс тауқыметін тартып келе жатқан отбасыға сыныптастары, 1999 жылы мектепті бітірген түлектер 20 жылдық кездесулерінде сауапты іс жасады.

Жомарт жүректі түлектер Шақпақ ауылынан 3 бөлмелі пәтер кілтін тарту етіп, бір отбасыны қуанышқа кенелтті. Сонымен қатар Ақбала Өмірзақованың үйіне көрімдік ретінде  тұрғын үйге қажетті тұрмыстық жиһаздар, азық-түлік әперіп, көмек көрсетті.

Баспанаға ие болған көпбалалы отбасының отанасы сыныптастарына алғысын білдіріп,  ризашылығын жеткізді. Айта кетерлік жайт, Ақбала Өмірзақованың жолдасы ерте қайтыс болған. Төрт ұл-қызы бар. Үлкені 8-сыныпта, кішісі дайындық бөлімінде оқиды. Жалпы Бәйдібек ауданында туған жерді түлетуге атсалысып, қайырымдылық жасап жатқан азаматтар жетерлік.

Өңірде «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Алтын ұям» жобасы жарияланғаны белгілі. Бүгінде Түркістан облысының аудан, қалаларында осындай игілікті істер көптеп атқарылуда. 

Бәрекелді!


turkistannews.kz ақпарат