Түркістан қаласына Орта Азия мемлекеттерін зерттеп жүрген атақты француз ғалымдары келді. Қонақтар әуелі XIV ғасыр соңында тұрғызылған Қ.А.Ясауи кесенесі мен ондағы жәдігерлермен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шетелдік  ғалымдар орта ғасырда өзінің берік қамалымен мәшһүр болған Сауран қаласына ат басын бұрды. Ондағы қала тарихы мен шаһардың құрылымы жайлы ақпар алды. Кездесу барысында Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев әлем ғалымдары қызығып отырған ескі Сауран қаласы болашақта барлық туристер келіп тамашалайтын мекенге айналатынын айтты. Сондай-ақ, Түркістан облысына келетін қонақтарға арнайы туристік бағыттар құрылып, сервистік қызметтер жанданатынын жеткізді.

Еуропаға белгілі этнограф, тарихшы Франсуаза Ленобль бастаған француз ғалымдары одан соң Түркістанда бой көтеретін жаңа ғимараттар мен Қ.А.Ясауи кесенесі айналасында салынатын шығыс үлгісіндегі эскиз жобалармен танысты.   

Сапар соңында шетелдік қонақтар тарих пен қасиетке бай Түркістанның туристер ошағына айналатынына сенім білдірді. Сонымен қатар, турист тарту үшін насихатты көбейту қажеттігін атап өтті. Тарихи нысандардағы ақпараттық жүйелер күшейтілсе, өңірге келетін қонақтар саны артатынын жеткізді. 

https://www.inform.kz/kz/francuz-galymdary-turkistannyn-turistik-aleuetin-zhogary-bagalady_a3418605