Бүгінгі журналистер шенеуніктердің «құс тілін» жалпы бұқараға жеткізе білулері керек. Бұл туралы бүгін «Jas qalam» форумының ашылуында ҚР Парламенті Сенатының депутаты, ҚР Тұңғыш Президенті қорының директоры Дариға Назарбаева айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 
«Бүгінде журналистиканың алдында тұрған ең басты сын-тегеуірін - мемлекет пен қоғам арасында модератор немесе медиатор бола білу. Бұл бүгін ғана емес барлық уақытта болды, ертең де бола бермек. Асыра айтқаным үшін кешірім сұраймын, шенеуніктердің «құс тілін» кең аудиторияға жеткізе білу керек. Егер сөз Қазақстанның денсаулық сақтау саласын дамыту бағдарламасы туралы болса, онда әрбір адамға ол үшін нені білдіретіндігін жеткізе білу қажет. Ал егер білім беруді дамыту бағдарламасы төңірегінде болса, онда әрбір ата-анаға, әрбір мұғалімге одан қоғамның не күтетіндігін және бағдарлама неге бағдарланғанын, ақшаның қайда бағытталатындығын және оның қалай жұмсалатындығын жеткізе білу керек», - деді Сенат дептутаты. 

Сонымен қатар ол бүгінде қазіргі заман адамының күнделікті өмірін бұқаралық ақпарат құралдарынсыз, журналистерсіз елестету мүмкін еместігін баса айтты. «Сіздер әрбір адам өміріне таң атқаннан қас қаарйғанға дейін араласып, өз жұмыстарыңызды жасайсыздар. Мұны өздеріңіз де түсіне бермеулеріңіз мүмкін. Журналист болу - демек өз уақытыңның ар-ұжданы болу, көп көріп, тыңдау, білу, түсіну, түсіндіре білу және қазіргі заманның күрделі құбылыстарын қарапайым тілмен, өте ұғынықты түрде аудиторияға жеткізе білу деген сөз. Бұл кез келгеннің қолынан келе бермейтін өте үлкен міндет», - деді Дариға Назарбаева. Бұған дейін хабарлағанымыздай, Дариға Назарбаева қазіргі таңда журналистика көп қызығушылық танытылатын мамандықтардың бірі екендігін айтқан болатын. 

Ал ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев мықты журналист болу үшін көп ізденіс, тәжірибе қажет екендігін атап өткен еді. Айта кетейік, қазақстандық журналистиканы дамытуға жас журналистердің кәсіби біліктілігін арттыруға бағытталған кең ауқымды «Jas qalam» жобасына 100-ден астам журналист қатысуда. Олардың қатарында журналистермен қатар журналистика факультетінің студенттері, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарына қызығушылық танытатын жастар да бар.

https://www.inform.kz/kz/dariga-nazarbaeva-zhas-zhurnalisterge-kenes-berdi_a3419442