Астанада БҰҰ Трансшекаралық су арналары мен халықаралық көлдерді қорғау туралы конвенциясына мүше мемлекеттер осы саладағы өзекті мәселелерді талқылауда. Кеңес кезінде Конвенция бюросының төрағалығы Қазақстанға ресми түрде табысталады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ерлан Нысанбаевтың айтуынша, Қазақстан өз төрағалығы кезінде трансшекаралық өзен-суларды пайдалану саласындағы өзекті мәселелерді шешуді көздейді. Соның ішінде Арал проблемасы да бар. «Енді, әзірше, көрші елдердің ішінде Конвенцияға Өзбекстан, Түрікменстан мен Ресей қосылды. Сондықтан өз төрағалығымыз кезінде біз халықаралық қауымдастықпен бірлесе отырып, үгіт-насихат жұмыстары арқылы басқа көршілерімізді Конвенцияға қосылуға үндейтін боламыз. 

Бүрсігүні Конвенция бюросының төрағалығы ресми түрде Мажарстаннан Қазақстанға табысталады. Үш жылдың ішінде біз жаһанды мәселелерді ғана емес, Орталық Азия аймағындағы су проблемаларын да қамтуға тырысамыз. Негізгі мақсатымыз да сол», - деді Е.Нысанбаев журналистерге берген сұхбатында. Айта кетейік, Трансшекаралық су арналары мен халықаралық көлдерді қорғау туралы конвенция 1992 жылы қабылданған болатын. 

Аталған халықаралық құжаттың негізгі мақсаты - трансшекаралық өзен-суларды пайдалану саласындағы ынтымақтастықты күшейту, сондай-ақ, осы саладағы бірлескен шараларды үйлестіру. Конвенцияның негізінде сан алуан шиеленістер мен дауларды шешу көзделген. Бүгін Астанада Конвенцияға мүше елдері кеңесінің VIII сессиясы басталды. Аталған шара Азия аймағында алғаш рет өтіп отыр. Осыған орай, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев отырыс қатысушыларына өз үндеуін жолдады.

https://www.inform.kz/kz/kazakstanga-buu-byurosynyn-toragalygy-tapsyrylady_a3417214