Бүгін Арыста облыс әкімі аппаратының кезекті селекторлық жиынында Арыс қаласын қалпына келтіру жұмыстары талқыланды  деп хабарлайды turkistannews.kz тілшісі облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Бүгінде қаладағы 8371 баспана алынып, оның 6977-сі жөнделетін болды. Оның ішінде 149 үй басынан салынады. Бұл сандар өзгеруі де мүмкін. Қазіргі таңда 340 үйдің құрылыс жұмысы толық аяқталып, иелеріне тапсырылған.

«Арыста 2194 үйді қалыпқа келтіру жұмысы қызу жүріп жатыр. Қалған 4500-ден астам баспананың жұмыстары осы аптада басталады. Жалпы бұл жұмыстарға 168 мердігер компания құрамында 3531 құрылысшы тартылған. Барлық секторларды күн сайын аралап, тұрғындардың талап-тілегін тыңдап жүрміз», – деді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қ.Өскенбаев. Облыс басшысы осы орайда өңір xалқын қажетінше тартып, әрі жұмыспен қамтуды да тапсырды.

Арыстағы зақымданған 66 әлеуметтік нысанның 62-сінде «Самұрық-Қазына» қоры жөндеу жұмыстарын бастады. Мұның 54-ін білім ғимараттары құрайды. Бұлар да жаңа оқу жылына толық аяқталуы тиіс. Сонымен бірге «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы зардап шеккен 456 кәсіпкерлік нысанды қалпына келтіру шараларына кірісіп кетті.

Өңір басшысы Өмірзақ Шөкеев құрылысты жоспардан кешеуілдетіп жатқан бірнеше секторға жауапты басшыларға жұмысты ширатуды тапсырды. Атап айтсақ, Қостанай, Ақмола, СҚО және Ақтөбе облыстарының өкілдеріне жоспардан қалмау керектігін ескертті. Сондай-ақ Арыс қаласының зиялы қауымы мен белсенді азаматтарын, жергілікті атқарушы орган мен депутаттарын, ақсақалдарын да белсенді болуға шақырды.

«Жалпы Арыста жұмыс жоғары деңгейде атқарылып жатыр. Тұрғындар үйлеріне оралғаннан бері 10 күн ішінде барлық шаруаларды бір жүйеге келтіріп алдық. Өзге өңірлерден келген құрылысшыларға 40 градус ыстықта жұмыс істеу оңай емес. Сондықтан оларға жергілікті тұрғындар да қолдау көрсетіп, қаланы көркейтуге атсалыссын», – деген өңір басшысы барлық жауапты басшылар мен мамандарға жұмысты күшейтіп, сапалы әрі уақтылы аяқтауды тапсырды.