Парламент Сенатының төрағасы, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының жетекшісі Қасым-Жомарт Тоқаев Діни лидерлер кеңесінің үшінші отырысында терроризмнің алдын алу үшін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың БҰҰ Бас Ассамблеясында ұсынған Әдеп кодексін негізге алуға шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Тұтастай алғанда дінаралық қатынастардың қарқынды дамуы - съез және оның қызметінің басты жетістігі. Атап айтқанда, форум дінаралық саммиттің негізгі қатысушыларының бірлесіп іс-қимыл жасау кезінде болатын мәселелерге қатысты ортақ көзқарасын қалыптастырады. Сіздердің қоғам алдындағы игі қызметтеріңіздің арқасында рухани әлем мен діни дәстүрлер қалың жұртшылыққа кеңінен таралуда», - деді Сенат төрағасы. Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі таңда Астана - әлемдегі әртүрлі дін өкілдерін бір үстел басында басын қосып, заманның өткір мәселелерін талқылай алатын орын екенін атап өтті. 

«Тарихтың жаңа даму дәуірінде, геосаяси, құқықтық, халықаралық және идеологиялық өлшемі бар жаңа саяси кезеңде біздің кеңес жұмысының мазмұнын байыта түсу маңызды. Сириялық қақтығыс, діндарлардың жаппай өлтірілуі, әлемдік мұра болып табылатын діни нысандар мен ескерткіштердің, культты құрылымдардың құртылуы - жаһандық тұрақтылық пен қауіпсіздіктің алдындағы жаңа сын-тегеурін болып отыр. Кез келген мемлекеттің аумақтық тұтастығы мен саяси тәуелсіздігіне қатысты күш қолдануға тыйым салатын БҰҰ-ның Жарғысы ескерілмей жатыр. Осынау күрделі әрі үрейлі процестердің аясында әлемдік және дәстүрлі дін өкілдерінің басын қосқан Астана съезі - ескірген мәселелерді шешу жолында тиімді құрал бола білуі керек», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Сенат төрағасы өз сөзінде біріншіден, терроризмнің алдын алу үшін әлемдік бірлестіктер айтулы шараларды қабылдап жатқанымен, терроризм діннің атын жамылып, арам пиғылды істерін жалғастырып жатқанын айтып өтті. 

«Екіншіден, халықаралық терроризм мен зорлық-зомбылық экстремизмі бүгінгі таңда жаһандық қауіпсіздік үшін аса күрделі сын-тегеуріндердің бірі болып қалып отыр. Діни лидерлер кеңесі әлемдік саяси көшбасшыларға ықпал ете отырып, әлемдік саясаттағы қарама-қайшылықты реттей алар еді. Үшіншіден, БҰҰ Бас Ассамблеясының 70-ші сессиясында Қазақстан Президенті жаһандық терроризмге қарсы коалициясын бекіту туралы айтқан болатын. Бұл коалицияны құруға негіз ретінде Мемлекет басшысы терроризмнен еркін әлемге қол жеткізу үшін әдеп кодексін құруды ұсынған. 28 қыркүйек күні БҰҰ Бас Ассамблеясы отырысының соңында көптеген мүше елдер бұл құжатқа қосылды. Әлемдік діни және саяси көшбасшылар терроризмнің алдын алу жолында ұсыныстарды әзірлеуі үшін Діни лидерлер кеңесі осы кодексті негіз ретінде алуына болар еді. Міне, дәл осы шараларға съезаралық кезеңде съез хатшылығының жұмысын бағыттағымыз келеді. VI съез қабылдайтын бірлескен декларация - біз мақсат тұтқан бағытқа жасалар маңызды қадам», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.  

https://www.inform.kz/kz/kasym-zhomart-tokaev-dini-liderler-kenesi-prezidenttin-adep-kodeksin-negizge-aluy-kerek_a3417145