ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин мен АҚШ президенті Дональд Трамп сенбі күні Осак қаласындағы G20 саммитінің алаңдарында болған кездесу барысында екі ел арасындағы сауда келіссөздерін қайта бастауға уағдаласты. Бұл туралы ТАСС-қа сілтеме жасап, turkistannews.kz ақпараттық порталы хабарлайды. 

Қытайдың Орталық теледидары хабарлағандай, АҚШ Қытайдан келген тауарларға қатысты жаңа баж салықтарын енгізбеуге міндеттенді. "ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин мен АҚШ президенті Дональд Трамп теңдік пен өзара құрмет қағидалары негізінде сауда-экономикалық консультацияларды қайта жаңғырту туралы келісімге қол жеткізді. Америкалық тарап Қытай экспортына қатысты жаңа баж салығын енгізбейтінін мәлімдеді", - делінген репортажда.

Телеарна хабарлағандай, екі елдің сауда-экономикалық делегациялары "нақты мәселелерді талқылайды". Саммит алаңында Си Цзиньпин мен Трамптың толық форматты кездесуі 80 минутқа созылды.

Қытай мен АҚШ бірнеше ай бойы сауда дауларын реттеу туралы келіссөздер жүргізді. Мұндай кеңестердің соңғы раунды мамыр айының бірінші жартысында Вашингтонда өтті, алайда осыдан кейін олар тұйыққа кірді. 10 мамыр күні Вашингтон $200 млрд сомасына Қытай өніміне қосымша баж салығын енгізді, мөлшерлемені 10% - дан 25% - ға дейін көтерді.