Ағымдағы жылдың соңында Қазақстандағы азаматтық қоғамды дамытудың жаңа тұжырымдамасы таныстырылатын болады, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Қоғамдық даму министрі Дарxан Кәлетаевтың айтуынша, алдағы уақытта шетелден донорлық көмекті алуға қатысты ұстанымды өзгерту керек. Қазірдің өзінде донорлық көмектің көлемі қысқарып отыр. Себебі Қазақстанда жан басына шаққанда ішкі жалпы өнімнің мөлшері артты. 

«Демек, бізге осы саладағы диалогты жоғары деңгейге шығару қажет. Енді, өзімізді донорлық көмекті алушы ретінде емес, өз аймағында сол көмекті бере алатын мемлекет ретінде көрсетуіміз керек. Сондықтан осы саладағы қарым-қатынасты түбегейлі өзгерткен жөн. Ашығын айту керек, әзірше бәрі LEGO конструкторы сияқты, әлі нақты бір картина жоқ. Соның бәрін жинап, бірыңғай конфигурацияны жинап шығуымыз қажет. Біз мықты үкіметтік емес ұйымдарға басымдық беруге тиіспіз. Себебі олар жақсы идеяларды ұсынады, шетелдің тәжірибесін де жақсы біледі», -  деді Д.Кәлетаев бүгін азаматтық қоғамды дамытуға арналған ұлттық тыңдауларда. Осы орайда министр тағы бір мәселені атап өтті. Оның сөзіне қарағанда, бүгінде үкіметтік емес ұйымдардың саны артып келеді. 

«Қазіргі кезде тіркелген үкіметтік емес ұйымдардың саны 22 мыңға жетті. Алайда Қаржы министрлігінің мәліметіне сәйкес, салық төлейтіндердің саны 14 мыңды құрап отыр. Ал біздің ақпараттық базамызда тек 4 600 ұйым ғана тіркелген. Негізі, шетелде үкіметтік емес ұйым бірыңғай базаға тіркелмесе, сосын салық төлемесе, оған қаржы берілмейді. Былайша айтқанда, ұйымның толық портфолиосы болуы қажет», - деп атап көрсетті Д.Кәлетаев. Айта кетейік, бүгін Астанада алғаш рет азаматтық қоғам институттарын дамыту мәселесіне арналған ұлттық тыңдаулар басталды. 

Қазақстанның азаматтық альянсының басшысы Асылбек Қожаxметовтің айтуынша, аталған шараның негізгі мақсаты - Қазақстан Республикасының азаматтық қоғамын дамыту жөніндегі тұжырымданы әзірлеу. Аталған құжат 2025 жылға дейінгі уақытты қамтиды. Бұған дейінгі тұжырымдаманың мерзімі 2011 жылы аяқталған болатын. 

https://www.inform.kz/kz/darxan-kaletaev-azamattyk-kogamdy-damytudyn-negizgi-maselelerin-atady_a3410126