Қытайдың Чунцинь қаласында жеңіл атлетикадан халықаралық Asian Grand Prix Series турнирінің бірінші кезеңі аяқталды. Аталған жарыста қазақстандық спортшылар алты медаль жеңіп алды деп хабарлайды turkistannews.kz тілшісі Ұлттық Олимпиада комитетінің сайтына сілтеме жасап.

100 метр қашықтыққа жүгіруде Ольга Сафронова мәре сызығын бірінші болып кесіп, чемпион атанды. Сонымен қатар, ядро лақтыру сайысында Иван Иванов жеңімпаз атанса, 400 метрге жүгіруде Михаил Литвин, 800 метрге жүгіруде Маргарита Мукашева бірінші орын иеленді.

Сондай-ақ, Надежда Дубовицкая биіктікке секіруден күміс медаль иегері атанса,  4*100 эстафетасында Рима Кашафутдинова, Элина Михина, Ольга Сафронова және Светлана Голендова тобы үздік үштікке енді.