Түркістан облысында көпбалалы аналарға деген құрмет пен қолдау күшейе түсті. Қуанарлығы, қарапайым ғана сыныптастар бірліктің арқасында ел жүрегін жібітетін бастамаларымен қуантып жатыр. Сондай игі істің бірін Төлеби ауданының азаматтары жасады. Осы аудандағы №2 Ш.Уәлиханов атындағы мектебін  1999 жылы бітірген түлектер рамазан айында көпбалалы анаға баспана әперді. 

Түлектер мектеп бітіргендеріне 20 жыл толуына орай ауызашар ұйымдастырған. Оған барлық мұғалімдері мен ата-аналарын шақырып, сол жерде көпбалалы анаға бір бөлмелі пәтердің кілтін және оның  балаларына сыйлықтарды табыстады.

Көңілдері нұрға толы түлектер осы қайырымдылық ісі арқылы өзге құрдастарына үлгі болуды,  орынсыз сән-салтанат орнына көпбалалы аналарға қолдау көрсетуді мақсат тұтқан екен. 

Күйеуі 2018 жылы марқұм болған Айжанның үлкен қызы 13-те, ал ең кішкентай ұлы жақында бір жасқа толады. Жалдамалы пәтерде бес қыз, бір ұлымен күнелтіп келген ол пәтер сыйлаған түлектерге алғысын айтып, аналық ақ тілегін жаудырды. 

Мұндай игі істер Төлеби ауданында дәстүрге айналып келеді.