Қазақстанның өркениет тарихының үздіксіз дамуын көрсететін деректі-қойылымдық фильмдердің, телевизиялық сериалдар мен толықметрлі көркем картиналардың арнайы циклін өндіріске енгізу керек.

Ұлт қаһармандарын үлгі тұту үрдісін қалыптастыруға жол ашатын сапалы балалар филімдері мен мультипликациялық сериалдарға ерекше назар аудару қажет.


                                                                   Н.Ә.НАЗАРБАЕВ

                   «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласынан.



Елбасымыз Н.Назарбаев Түркістан облысын жеке дара облыс етіп жариялағанына көп уақыт өте қойған жоқ. Бірақ, осы тарихи шешім қазірдің өзінде облыс өміріне тың серпін әкелді.

Оның үстіне Түркістанның түркі тілдес елдердің «рухани астанасы» ретінде және «Екінші Мекке» - деп мойындалуы – облысымыздың үлкен беделге ие екенін көрсетті.

Енді Түркістанның алға қадам басар жаңа кезеңінің табалдырығында тұрып, өткенге ой жіберіп, болашаққа бағдармен қарасақ, көкейге бір сұрақ келері сөзсіз.

Мысалы, қазірдің өзінде «Қазақстанның қандай «брендтері» бар?» деген сұрақ төңірегінде қызу пікірталас болып жүргені белгілі.

Осы орайда Түркістанның өзіне тән қандай ерекшеліктері бар?

Шет елдік турист пен өзге өңірден келген қонақ біздің қай ерекшелігімізді қабылдауы қажет?

Түркістанның  «бренді» не бола алады?

Осы сұрақтарға жауап іздеп көрейікші.

Бірінші:

Зиялы ағаларымыздың «Көктем оңтүстіктен басталады!» деген сөздері ел аралап жүргелі қашан...

Демек, Түркістан оңтүстіктің бас қаласы ретінде бүкіл қазақ даласына көктемнің жаршысы бола алады.

Ал, көктемнің басты белгісінің бірі қызғалдақ гүлі –бүгінде облысымыздың символына айналып, өз бағасын алып отырғаны көңіл қуантады.

Ал, қызғалдақтан өзге нені айта аламыз?

Екінші:

Меніңше, түркістандықтардың «қонақжай мінезін» айтуға болады.

Осындай дархан көңіліміз бен кең пейіліміз бізді өзгелерден ерекшелейтін қасиетіміз. Мұны да барынша халық арасында насихаттап, дамытуға тиіспіз.

Үшінші:

Түркістанның өзіндік архитектурасы десек қателеспейміз.

Ертеде Түркістан Қазақ хандығының бас қаласы, Шымкент және Сайрам Ұлы Жібек жолы бойындағы өркендеген қалалар болған.

Демек, Түркістаннан тарихтың лебі сезіліп тұру қажет. Сол үшін шығыстың сәулеттік стилін сипаттайтын ғимараттарға басымдық берген дұрыс шығар.

Қарапайым шәйханалар, кафе, ресторандар сонымен қатар қоғамдық нысандардың да шығыстық стилде болғаны Түркістанның келбетін әсерлендірсе керек.

Төртінші:

Түркістанның рухани өмірі өз алдына ерекше құбылыс екені белгілі.

Облыс шығарған өнер майталмандары қазір бүкіл Республика аумағында үлкен салмаққа ие болып жүр.

Соның негізгісі деп «САҚ» киностудиясын айтуға әбден болады.

«Қазақтың Диснейі» деген атқа ие болған «САҚ» ұжымы қазірдің өзінде анимация бойынша Қазақстандағы №1 киностудия есептеледі.

Олардың жасаған «Қошқар мен Теке» мультфилімі Ханжоу қаласында өткен Халықаралық кинофестивальде 300 ден астам студиялар арасынан «Бас жүлдені» жеңіп алып, бүкіл Қазақтың мәртебесін асырды.

Қазірдің өзінде «Қошқар мен Теке» мультфилімі әлеуметтік желіде бірнеше миллиондаған көрсетілім жинап, рекордтық көрсеткішке жетуде.

Ал, киностудия ғимаратының алдындағы Қошқар мен Текенің мүсінін көріп, бірге суретке түсуге бүкіл Қазақстаннан балалар топ тобымен ағылып келіп жатыр.

Бұл дегенің – туризмді дамытудың үлгісі емес пе!?

Біз неге осы кейіпкерлердің атағын, оларға деген елдің сүйіспеншілігін пайдаланбаймыз!?

Бұдан артық қандай жарнама керек!?

Америкада «Том мен Джерри», Ресейде «Маша мен Аю» болса, Қазақстанда «Қошқар мен Теке» ең сүйікті кейіпкер атанды.

Халықтың сүйіктісіне айналған «Қошқар мен Теке» оңтүстік дүниеге келгенін көпшілік біле бермейді.

Демек, біз түркістандықтар оны барынша насихаттауымыз қажет!

2016 жылы Қазақ хандығының 550 жылдығына орай жасалған «Қазақ елі» толықметрлі мультфилімі Каирде өткен кинофестивальде «Бас жүлде», «Ең үздік режиссура», «Ең үздік музыкалық шешім» номинацияларын жеңіп алды.

Аталған фильм Елбасы Н.Назарбаевтың жоғары бағысына ие болды.

Мұны да ұжымның мақтанышы деуге болады.


Қазір киностудия кино саласына да бет бұрып, үлкен жетістіктерге жетуде.

«САҚ» киностудиясы түсірген «Көне Жетігеннің сыры», «Төле би» сериалдары  көрермендер көңілінен шығып, зор ықыласқа бөленуде.

Жалпы киностудия 18 жылдық тарихында 60 тан астам анимациялық фильм, 12 деректі және 10 көркем фильм мен сериалдар түсіріп, көрерменді отансүйгіштікке, адамдыққа тәрбилелеп, туған жерін, тарихын қадірлеуге үлес қосып келеді.

«Кино – идеология» деген ұғымның мәні қазіргі кезде тіпті тереңдей түсті.

Ол жөнінде Елбасымыз Н.Назарбаев «Болашаққа бағ­дар: рухани жаңғыру» мен «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақа­ласында баса айтып өтті.

Біздің облысымызда орналасқан «САҚ» киностудиясы өзінің жемісті еңбегінің арқасында өңіріміздің имиджін бүкіл Қазақстанға көтере білді.

Біз осы киностудияның рухани ресурсы мен мүмкіндіктерін дұрыс пайдалана білсек, күнгей өлкенің имиджін көтеріп, туристік ахуалын көтеріп, рухани өміріне үлкен үлес қосарымыз ақиқат!

Ендігі жерде әкімдік пен киностудия арасында тығыз байланыс орнатып, үлкен бірлескен жобаларды іске асыру керек деп ойлаймыз.

Мысалы, «Шымкент қаласы», «Қызғалдақ»,  «Шымқала аңыздары», «Шымқаладағы махаббат» т.б тақырыптар бойынша көптеген кино мен анимациялық фильмдер түсіріп, бүкіл Қазақстан мен Шет елдерге насихаттау керек.

Ол фильмдерді халық телефондарынан, планшеттерден, теледидар мен желілерден қызыға көріп, санасына сіңіре береді.

Сонда ғана туристердің және өзге де қонақтардың біздің қалаға деген  ықыласы өзгеше болады.

Тіпті жаңадан құрылып жатқан облыс орталығында «Қазақленд» (Диснейленд) орталығы ашылса, келген балалар мен қонақтарға мультфильмдердің қалай жасалатынын, киноның қалай түсірілетінін өз көздерімен көретіндей жағдай жасаса, келушілердің ризашылығы шексіз болып, жан жақтан келушілердің саны арта берер еді.

Меніңше, оны да осы «САҚ» киностудиясының базасында жасауға болатын секілді.

Жалпы, қаламыздың рухани өмірін өркендетіп, атын Қазақстан ғана емес, бүкіл әлемге шығаратын осындай жобаларды қолға алса, нұр үстіне нұр болары анық.

Бүгінде облысымызға жаңашыл басшылар келіп, оң өзгерістер болып жатқан кезеңде, осы мәселе назардан тыс қалмайтынына сенім білдіреміз!


Уәли ЖҰМА