Түркістан облысындағы Шардара ауданда жұртшылық жүрегін жібіткен жаңалық болғанынан оқырман құлағдар.  Қоссейіт ауылындағы «Сырдария» жалпы орта мектебінің 1999 жылғы түлектері 20 жылдыққа орай  9 баласы бар Волоткиндер отбасына баспана тарту етті. Сонымен бірге ауыл әкімдігімен бірлесіп, электр жарығы мен ауыз сумен де қамтамасыз етті.  Айта кетерлігі, қуанышқа кенелген үйдің отанасы – Анастасия да аталған мектептің түлегі. Яғни, сыныптастарының қолдауына ие болып отыр.

Өздері  білім алған мектепке интерактивті тақта, проектор және компьютер сыйға тартқан сыныптастар мұнымен шектелмей көпбалалы әулеттің қуанышына арнайы келіп, ауыл тұрғындарына ас берді. Үйлі болған отбасыға газ плитасы мен кілем сыйлап, көңілдерін одан сайын көтерді. Бұл сауапты басқосуға Шардара ауданы әкімінің орынбасары Бауыржан Шомпиев қатысып, қайырымды азаматтарды аудан әкімінің алғыс хатымен марапаттады.  Ал үй иелеріне көрімдікке кілем сыйлады.

         «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Алтын ұям» жобасы бойынша қолға алынған бұл игі іс өзгелерге үлгі болады деген сенім бар.