Думан Малаев, тарих ғылымдарының магистрі

Думан мырза, былтыр, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы Шымкент қаласы республикалық маңызы бар қала статусын алып, орталығы Түркістан қаласы болып табылатын Түркістан облысы құрылғаны өзіңізге жақсы мәлім. Сұхбатымыз осы бағытта өрбімек. Жалпы, осы өңірдің және оның басты шаһарының тарихы туралы не айтасыз?

Облыстың орталығы Түркістан қаласы тарихы көнеден тамыр тартқан шаһар. Мұқым қазақ жұртына белгілі, бұл қала бірнеше ғасыр бойы, нақтырақ айтсақ, ХV-XVIII ғасырларды қамтыған аралықта Қазақ хандығының астанасы болды. Сол кезеңдегі ата заң іспесттес «Ескі жолды» бекіткен, елдің іргесі нығайып, керегесін мықтырақ ете түскен Еңсегей бойлы Ер Есім ханның тұсынан бастап мемлекетіміздің бас кенті, хандардың тағы, сұлтандардың ордасы, билердің жаңа низамды кеңесетін, ескі заңды пысықтайтын күлтөбесі, батырлардың өз ауылдарына бірлік рухынан қуат алып қайту үшін бас біріктіретін қастерлі мекені. Мемлекеттіліктің өзегі, осындай ең негізгі институттардың салтанат-сәні, маңызы мен мәні бізге шетелдің бұрын-соңды өткен тарихшылары, жылнамашылары арқылы, төл ауыз әдебиетіміздің жауһарлары арқылы жетіп отыр. Қытай, араб, грек, армян тарихшылары Түркістанның арғы-бергі ғұмырбаяны, ондағы тұрғындардың тұрмыс-салты туралы біршама мол мұра қалдырғаны – біздің бағымыз деуге болады. Тұрмыс-салт демекші, шаһардың көркем әрі берік архитектурасы, дамыған сауда мәдениеті мен өз заманы үшін тәп-тәуір инфрақұрылымы оның қазақ елі, тіпті Орта Азия аймағы үшін шынымен де қандай дәрежеде маңызды болғандығын дәлелдей түседі. Орталығы осыншалық мол мирастың мұрагері болған өңірдің де тарихы қаламен етене сабақтас.

Өңірдің дәл бүгінгі потенциалы қандай? Тарихи мұрамыз сан ғасырлық жаугершілік, түрлі кезең кесапаттарынан қаншалықты аман-сау қалды?

Әлбетте, Түркістан атанғалы мың жарым жылдық, одан әріде Ясы, тіпті бағзыда Шауғар кенті болған балаң шағындағы архитектуралық келбетін қазір тап басып қағазға түсіріп бере аламыз немесе барынша мол бұйым-жәдігерлері бүгінге жетті дей алмаймыз. Дегенмен, басқа ортағасырлық қалаларға, салыстырмалы түрде көршілері деуге келетін Сығанақ, Сауран, Сунақ  секілді қалалардың ішінде осы заманға барынша мол рухани әм материалдық жәдігерліктерімен аяқ басқан бірден-бір іргесі берік қала екендігі айдан анық. Сондықтан да, Түркістанды өткен мен бүгінді жалғап тұрған «екі дүние есігі» деуге әбден құқылымыз.

Құптарлық ой. Ендеше, Түркістанның жеке облыс ретіндегі болашағына тарихшы ретінде қандай болжам айтасыз, оңтүстік аймақтың осындай өзгерісі ел болашағына қандай әсері болмақ? Осы сауалға жауабыңызбен сұхбатымызды тәмамдасақ.

Қазақ елі «қазақ» атанып, өз алдына орда тіккелі сандаған нәубеттер мен не түрлі қилы кезеңдерді басынан өткергені баршамызға аян. Егемендігіміз еншімізге тигелі бері бұрын кеткен олқылықтардың орнын толтырып, таңылған жасанды кедергілердің барлығынан арылып келеміз. Санамызды жаңғыртып, тарихымызды түгендеуге белсене кірістік. Осы орайда, алаш баласы үшін киелі саналатын Түркістанның облыс орталығы атануы оның қай жағынан да қайта түлеуіне, ал бұл, өз кезегінде әлі де болса қадіріне толық жете алмай жүрген, руханиятымыздың қастерлі мұрасын қайта бағамдап, діліміздің жаңғыруына оң септігін тигізетіні сөзсіз.

Көптен-көп рақмет!


Руслан Жанғазы, саясаттанушы

Руслан мырза, Түркістан қаласы жаңа құрылған облыс орталығына айналғанына көп уақыт болған жоқ. Әңгімеміз осы шаһар жайлы өрбімек. Әуелі, саясаттанушы ретінде айтсаңыз, Түркістанның «саяси өткені» қандай?

Түркістан қаласы – бүтін түркі әлемінің астанасы. Олай деуіміздің бір себебі оның, біріншіден, түркітектес халықтардың қара шаңырағы қазіргі Қазақстан, ал қазақ елі үшін Түркістан ортағасырлық мәдениетіміздің тал бесігі, қайнар көзі, осы күнге мейлніше аман-сау жеткен айнасы. Ал екіншіден, бұл қалада Ислам дінінің сопылық тариқаты өркен жайып, Қожа Ахмет Ясауидың талмас еңбегінің нәтижесінде гүлденді, кемеліне келді. Сопылық тариқат, оның ішінде әсіресе иасауишілдік түркі әлемінде кең етек алғаны белгілі. Өйткені бұл ілім Тұранда Тәңіршілдік және онымен араласа-астаса күн кешкен шаманизм, анимизм, фетишизм секілді ірілі-ұсақты әлі дін емес, бірақ дінге жетеқабыл наным-түсініктерді қатаң қирату саясатын емес, керісінше осылардағы асыл дінге қайшы келмейтін тұстарын іліп алып, жаңа ілім қалыптастырды. Бұл ақидадағы, яғни дүниетанымдағы мазһаб емес, бұл фиқһтағы, яғни құқықтағы мазһаб емес, суфизм тек қана ахлақтағы – көркем мінез-құлық іліміндегі жол, яки тариқат. Иә, сонымен, Түркістан – діни орталық, үлкен рухани орда.

Тарихы кенен қала Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан. Бұл не деген сөз? Әрине, бұнда орта ғасырда Еуразия материгіндегі сауда қатынастарының күретамырында болуы және сан түрлі мәдениет иелері осы арадағы тоғысып, өзіндік рухани-мәдени «тәжірибе алмасу» жүзеге асқан.

Сонда Түркістанды түркі әлемінің интеграциясына оң ықпал ететін мүмкіндікке ие қала деуге негіз бар ғой?

Әлбетте! Тек қана түркі әлемінің емес, жаңа айттым ғой – қаланың күллі Еуразияның демей-ақ қояйық, беріден алсақ барлық Азия елдерінің дипломатиялық «айлағына» айналатын әлеуеті әбден жетерлік. Қазақстанды барша түркі жұртшылығы, барлық түркі елдері Тұранның қара шаңырағы деп сөзсіз мойындайды. Осыны тиімді пайдаланып, Түркістан қаласын түркі халықтарының жыл сайын бас қосып, келелі мәселелерді кеңесетін берекелі шаһары етуімізге тарихи, саяси, мәдени алғышарттары дайын тұр. Бірақ бұл қасиетті мекенді тек жиын-той өткізіп, «ас ішіп, аяқ босататын» орын дәрежесіне құлдыратып алмауды алдын-ала ойлауымыз қажет.

Иә, бұл сөзіңіздің жаны бар. Таптаурынға айналған форматтардан арылатын кезіміз келген сияқты. Қаланың қазір қолда бар қабілет-қарымын дұрыс жұмсауымыз үшін не істемек керек?

Түркістан ендігі аудан орталығы деңгейінен облыс орталығы дәрежесіне көтерілгені осы орайда тамаша мүмкіндік болып отыр. Себебі енді өңірдің атқарушы билігінде қаржылық және әкімшілік ресурстар қуаты бірнеше есе арта түседі. Осы мүмкнідіктерді қаланың «Түркістан» деген сәтті атауынан-ақ бастап, оның тарихын, рухани байлығын түркі интеграциясының басты қозғаушы күшіне, түркі әлемінің астанасына айналдыруға аянбай жұмсауымыз ләзім. Қырғыздардың «Көшпенділер олимпиадасы», татарлардың «Мұсылман киносының конкурсы» секілді біз де тура Түркістанда іске асатын брендтік салтымызды қалыптастырамыз деген сенімдемін. Осылайша Ұлы Дала елінің де бұрыннан бар саяси-дипломатиялық беделі арта түспек. Бұл жаңа құрылған облыстың экономикалық әлеуетінің артуына да оң әсер етеді.