Түркістан облысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Алтын ұям» жобасы қолға алынған болатын. Мақсаты – түлектердің мектеп бітіргендеріне жиырма, отыз жыл толуына орай өтетін басқосуларын тек той тойлаумен шектемей, туған жерге игі іс жасауға жұмылдыру. Былтырдан бері осы бағытта жұмыс жүргізіліп, түлектер қайырымды іске белсене атсалысып келеді. Соның дәлеліндей, жуырда ғана Түркістан облысы, Шардара ауданында түлектер көпбалалы отбасыға үй алып берді, деп облыс әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап,turkistannews.kz хабарлайды.

Нақтырақ айтсақ, Шардара ауданы, Қоссейіт ауылындағы «Сырдария» жалпы орта мектебінің 1999 жылғы түлектері 20 жылдыққа орай  Волоткиндер отбасына баспана тарту етті. Үйлі болып, қуанышқа кенелген Андрей және Анастасия Волокитиндердің 9 перзенті бар. Отағасы Андрей тұрмыстық  техникаларды жөндеумен, ал әйелі Анастасия мен балалары шаруа қожалықтарында жалданып жұмыс істейді. Тұрақты жұмыс болмағандықтан пәтер жалдап, қиналып жүрген отбасының жағдайын түсінген азаматтар Волоткиндерге жер алып, әдемі үй салып берді. Сонымен бірге ауыл әкімдігімен бірлесіп, электр жарығы мен ауыз сумен де қамтамасыз етті.  

Өздері  білім алған мектепке интерактивті тақта, проектор және компьютер сыйға тартқан сыныптастар мұнымен шектелмей, әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасыны да қуанышқа кенелтіп отыр. Ауыл әкімдігімен, мектеп басшылығымен, сыныптастармен ақылдасқан түлектер өздерімен бірге оқыған Анастасияны қолдай білді. Көпбалалы әулеттің қуанышына арнайы келіп, ауыл тұрғындарына ас берді. Өмірден өткендердің рухына құран бағыштады. Үйлі болған отбасыға газ плитасы мен кілем сыйлап, көңілдерін одан сайын көтерді. Бұл сауапты басқосуға Шардара ауданы әкімінің орынбасары Бауыржан Шомпиев қатысып, қайырымды азаматтарды аудан әкімінің алғыс хатымен марапаттады.  Ал үй иелеріне көрімдікке кілем сыйлады.

«Алтын ұям» жобасы аясындағы игі істер Түркістан облысы, Созақ ауданында да жалғасты.Аудандағы Ш.Уәлиханов атындағы мектептің 1999 жылғы түлектері өздері білім алған алтын ұяларына "ГАЗель" шағын автобусын алып берді. Жақында салтанатты түрде тапсырмақ. Мектеп ұжымы мен ұстаздарын қуанышқа бөлеген сыныптастар туған жерді құрметтеудің үлгісін көрсете білді.