Дипломаттар арасында Лорд Досон оф Пеннің: «Егер де дипломат «иә» десе демек бұл «мүмкін» деген сөз, «мүмкіні» жоқпен тең, ал «жоқ» десе – ол енді дипломат емес» деген сөзі жиі айтылады екен. 

Шын мәнісінде, адам психологиясын тани білу – дипломаттың ең бірінші қасиеті. Былайша айтқанда, шын дипломат адамды қарамай көруді, көрмей қарауды білуі қажет. Мұндай қасиет пен бейімділік қазаққа тән. Дипломатия, бітімгершілік, мәмілегерлік қазақтың болмысына толықтай сіңіп кеткен. Мұнан дипломат, шығыстанушы, зерттеуші-публицист Мұхтар Кәрібай да алыс емес. Оның «Дүбірлі дүние» кітабында жазылған тарихи құжатқа пара-пар дүниесі – дәлел.

«Дүбірлі дүние» – Қазақстан Республикасы Тәуелсіздік алғаннан бергі дипломатия, сыртқы саясат турасында жазылған санаулы құнды кітаптардың бірі. Сөзіміз дәлелсіз қалмасын, айтайық, бұл кітаптың құндылығы сол – өткен тарихпен өрнектелуінде. Дипломат тұтас ұлттың, мемлекеттің паспорты, бет-бейнесі болған соң азамат тырнағына дейін сол ұлттың тынысы, жүрегі, лүпілі болуы шарт.

Бір қарағанда, дипломатия саласы көлеңкеде, елдің назарынан тыс қалған жұмбақ әлемдей көрінеді. Алайда, «Дүбірлі дүние» – бұл пікірімізді толықтай өзгертіп, оның маңызы мен мәні жоғары екенін тағы бір нығайта түсті.

Кітапта 1994-1999 және 2002-2007 жылдары еліміздің Сыртқы істер министрі, қазіргі Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сыртқы саясаты, бітімгершілік қасиеті мен шешімдері, Астананың бренд ретінде қалыптасуы, БҰҰ ауқымындағы Қазақстанның рөлі, Ядролық қарудан бас тарту операциясы, Шанхай ұйымы, Женевадан Дохаға дейінгі маңызды сапарлар және дипломатия саласының шым-шытырыққа толы кезеңдері баяндалған.

Сол кездегі Сыртқы істер министрі Қ.Тоқаевтың БҰҰ-ның мерейтойлық 60-шы сессиясында сөйлеген сөзі ел есінде. Оған Австралия Премьер-Министрі Джон Ховардс жоғары баға беріп, лайықты даму, шынайы бостандық және іргесі берік бейбітшілік жолында әлемдік қауымдастық бірігуі қажет екенін қолдағаны туралы автор хронологиялық тәртіппен, тарихи құжат ретінде қағазға мөр басқандай жазған екен. Қазақстанның басты мақсаты осы үш тағанмен негізделетінін тарих қойнауына еніп кеткен маңызды кездесулерді баян ету арқылы автор тағы бір нақтылап отыр.

Демек, қазақ дипломатиясы мақсаты мен мұраты – айқын, ұстанымы – берік, қалыптасқан институт. Мұны Астанада өткен Шанхай Ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) кезекті саммитінде тағы бір дәлелдеді. «Шанхай ұйымы ширығып келеді» мақаласында маңызды құжаттар мен Конвенцияларға қол қойылып, тарихи шешімдер қабылданғаны туралы айтылады. Конвенциялар мен құжаттар қабылдауға дейінгі процесс – бөлек әңгіме. Сансыз кездесулер мен біржақты келісімге келу жолындағы кедергілер, қайшылықтар. Мұның барлығы дипломаттың басынан өтетін қалыпты құбылыс. Қалыпты дүние қауіпті болатыны анық. Ел үмітін аманаттаған дипломат оң шешім шығаруға бар ынта-жігерін салатыны ақиқат.

Автор 1996 жылы сәуірде қол қойған Шекара ауданында әскери саладағы сенімді нығайту туралы келісім мен 1997 жылы Шекара ауданында қарулы күштерді өзара қысқарту туралы келісім жайлы, ШЫҰ-ның күре тамыр құжаттарының бірі – Терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге қарсы күрес туралы Шанхай Конвенциясына қол қойылғаны, Өңірлік Антитеррорлық құрылымның өмірге келгені – тарихи оқиғалардың бірі еді дейді. Бұл дегеніміз дипломатиялық қарекеттер мен олардың атқарған жұмыстың жемісі. «ШЫҰ – әскери блок емес, және басқаларға қарсы бағытталған жабық альянсқа да жатпайды, керісінше құрамын ұлғайту арқылы кең көлемді халықаралық ынтымақтастықты қолдайтын ұйым» деп өте орынды әрі нақты анықтама берілген.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының бастамасымен құрылған Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңестің мемлекет және үкімет басшыларының Саммиті де қазақ дипломатиясының жемісті де жеңісті сәттерінің бірі. Бұл туралы қаламгер: «Қазақстанның сыртқы саясаты бағытындағы көп жылғы жанқиярлық еңбек өз жемісін берді. Кеңеске қатысушы он алты (қазіргі уақытта Таиландтың қосылуымен 17) елдің басшылары бас қосқан мәртебелі Бірінші Саммиттің Алматыда 2002 жылғы 4 маусымда өтуі Қазақстан дипломатиясының ірі жеңісі екендігін әлемдік қоғамдастық әділімен бағалады. Азия елдері арасында ымырашылдық үні алғаш рет қазақ жерінде естіліп, татулық пен ынтымаққа шақыратын тағылымды ойлар ортаға салынды. Демек, Азия қауіпсіздігі аңыз емес, ақиқатқа айнала бастағанын айтуымызға әбден болады» деп жазады тарихи оқиға жайлы. «Қазақстанның сыртқы саясаты бағытындағы көп жылғы жанқиярлық еңбегі» деген сөзден-ақ бір ғана Саммит һәм маңызы бөлек кездесулердің өтуі асқан шеберлік пен ерен еңбекті қажет ететінін аңғаруға болады.

Дипломатиялық делегацияның Женева-Шанхай-Берлин-Доха қаласына жасаған сапары жайлы жазылған мақалада да бұл саланың мемлекет саясатында басты рөлдердің бірін атқаратынын толық аша білген.

Тарихи оқиғалардың бастысы һәм бірегейі – Қазақстанның ядролық қарудан бас тартуы. Бұл турасындақолымыздағы кітапта: «Қазақ елінің ядролық қарудан бас тарту шешімі тарихтың кезекті бір сабағы ретінде ғана емес, қазіргі заманғы күрделі қауіпсіздік жүйесін сақтаудың дұрыс жолы ретінде дүниежүзінің барлық елдеріне үлгі болуға әбден лайық» деп әлемдік тәжірибеде бұл тарихи оқиғаның маңыздылығы айшықтала түскен.

Жалпы, бұл еңбек жас дипломатқа тәжірибелік һәм теореялық жол нұсқаушысы ғана емес, әрбір азаматтың серігі болуы тиіс. Себебі, мұнда ауыр да жауапкершілігі жоғары дипломатия саласымен қатар, ел тарихы жатқан жоқ па?

Жоғарыда айтқан адам психологиясы әрбір дипломатқа қажетті бейімділік. Әйтпесе, Абылай хан екі алып мемлекет ортасында, Ресей мен Қытай жер сұрап таласқанда, осынша аумақты сақтап қалар ма еді?! Дүниетанымы жоғары адамға адамтанудың түк емес екені белгілі ғой.

Мұхтар Кәрібайдың «Дүбірлі дүниесі» бізді осындай ойға жетеледі һәм санамызды басқа бағытқа қарай ойыстырды. Шын мәнісінде, бұл ДИПЛОМАТТЫҢ «ДҮБІРЛІ ДҮНИЕСІ».

Аян МЕЙРАШ