Түркістан қаласының мамандандырылған тергеу сотына 15.03.2019 жылы Түркістан облысы прокурорының орынбасары аға әділет кеңесшісі Е.Бөлегеновпен келісілген Түркістан облысы ПД-нің Тергеу басқармасының бөлім бастығы полиция капитаны М.Қайбардың күдікті Балхажаев Алхожа Ерхожаевичке 2 айға «күзетпен ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасын қолдану туралы өтінішхаты келіп түскен. 
Күдікті А.Е.Балхажаевтың  іс-әрекеті Қазақстан Республикасы ҚК-нің 194-бабы 3-бөлігі 2-тармағы, 274-бабы 2-бөлігі 3-тармағымен сараланған. 
Іс-құжаттарына қарағанда күдікті А.Балхажаев төмендегі қылмыстырды жасаған:
- Көрнеу жалған ақпарат тарату, «Әзірет Сұлтан» музейінің заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулі зиян келтіретін жалған ақпараттарды, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы таратып, ҚР ҚК-нің 274-бабы 2-бөлігі 3-тармағында көзделген  қылмыстық құқық бұзушылық іс әрекетін қасақана жасаған.
- Қорқытып алу, адамдар тобының алдын-ала сөз байласуы арқылы, ірі мөлшерде мүлік алу мақсатында, жәбірленушінің мүддесіне елеулі зиян келтіретін көрнеу жалған ақпараттарды таратып және одан әрі тарату қатерін төндіріп, мүлікке құқықты беруді талап етіп, ҚР ҚК-нің 194-бабы 3-бөлігі 2-тармағында көзделген  қылмыстық құқық бұзушылық іс әрекетін қасақана жасаған.
- Көрнеу жалған ақпарат тарату, яғни Қ.Яссауи атындағы ХҚТУ-нің «Клиника-диагностикалық орталығы» мекемесінің заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулі зиян келтіретін жалған ақпараттарды таратып, ҚР ҚК-нің 274-бабы 2-бөлігі 3-тармағында көзделген  қылмыстық құқық бұзушылық іс әрекетін қасақана жасаған.
- Көрнеу жалған ақпарат тарату, яғни мемлекеттік органдардың заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулі зиян келтіретін жалған ақпараттарды таратып, ҚР ҚК-нің 274-бабы 2-бөлігі 3-тармағында көзделген  қылмыстық құқық бұзушылық іс әрекетін қасақана жасаған.
- Қорқытып алу, адамдар тобының алдын ала сөз байласуы арқылы, жәбірленушінің мүддесіне елеулі зиян келтіретін көрнеу жалған ақпараттарды таратып және тарату қатерін төндіріп, мүлікке құқықты беруді талап етіп, ҚР ҚК-нің 194-бабы 3-бөлігі 2-тармағында көзделген  қылмыстық құқық бұзушылық іс әрекетін қасақана жасаған.
Түркістан қаласының мамандандырылған тергеу сотының қаулысымен күдікті А.Балхажаевқа 2 айға «күзетпен ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасын қолдану туралы өтінішхат қанағаттандырылған. 

Сот қаулысына апелляциялық шағым келтіріліп, Түркістан облыстық сотының 20.03.2019 жылғы қаулысымен бірінші сатылы соттың қаулысы өзгеріссіз, күдіктінің қорғаушыларының шағымдыры қанағаттандырусыз қалдырылды.

Түркістан облыстық сотының баспасөз қызметі