Жетісай ауданы Жылысу ауыл округінде орналасқан «Ер-Те Агро» ЖШС-і 33 гектар аумаққа жүзімнің 9 сортын еккен. Атап айтқанда, Ливия, Аркадия, Кодрянка, Велес және Сәулелі кишмиш, Анюта, Байқоңыр, Женеев, Преображение сынды түрлері егілген. Серіктестік иесі Сұлтан Жолдасбаевтың айтуынша, биыл жүзімнің әр гектарынан 20 тонна өнім жиналған. Сатылу бағасы – 300-400 теңге аралығында. Шығындарды есептегенде серіктестік жылына орта есеппен 150 млн теңге таза табыс тауып отыр. 2012 жылы бой көтерген жүзім бағы 4 жылда өз шығынан ақтаған. Маусымдық кезде 20 адам жұмыспен қамтылады. Өнім негізінен Қазақстан аумағына жөнелтілуде. Серіктестік өнімге сұраныс артқан жағдайда жүзім аумағын ұлғайтуды көздеп отыр.
Жалпы Жетісай ауданы бойынша 1183 гектар аумаққа жеміс жидек және жүзім дақылдары егілген. Оның ішінде қарқынды бау 255 гектарды құрайды. Қарқынды бауларда жүзім мен алманың итальяндық, белорустық, украиндық сорттары егілген.

Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі