Түркістан облысы мен Шымкент қаласының туризм басқармаларының басшылары Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өзара меморандумға қол қойып, екі жақты келісімге келді. Ондағы мақсаты - Түркістан облысы мен Шымкент қаласын біртұтас туристік бағыт ретінде одан әрі дамыту.
Қол қою рәсімінде облыстық туризм басқармасының басшысы Гульмира Ахбердиева екі аймақтың ерекшеліктері мен туристік әлеуетін пайдалана отырып, болашақта түрлі бағыттағы туристерді тартудың ірі орталықтарының біріне айналатынына сенім білдірді.
«Өңірлерде туризмнің тарихи-мәдени, экологиялық, экстремалды, гастрономиялық және басқа да түрлерін дамытуға зор мүмкіндік бар. Қарапайым мысалы, Қ.А.Ясауи кесенесіне мінәжат ету туры Шымкент қаласының аумағында орналасқан атақты сопының ата-анасы - Ибрагим ата мен Қарашаш ана кесенелеріне барудан басталады. Яғни, Түркістан мен Шымкентті қай жағынан алып қарасаңыз да бөліп қарауға келмейтін ортақ дүниелерге бай. Осы ретте бүгінгі екі жақсы меморандум алдағы уақытта өзінің жемісін беріп, сәтті жобаларды жүзеге асыруға сеп болады деген сенім бар», – деді Г. Ахбердиева.
Өз кезегінде Шымкент қаласы әкімдігі туризм басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Олжас Шинтаев меморандум аясында тиісті келісімге келіп, алдағы уақытта іске асырылатын ортақ жобалардың кестесі жасалғанын мәлімдеді. Сондай-ақ, бұл құжат бірыңғай туристік өнімді қалыптастыруға және ілгерілетуге, одан бөлек инфрақұрылымды жетілдіруге мол мүмкіндік береді деді.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі