Бүгін  ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаментінің жанынан құрылған «Түркістан – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің ағымдағы жылдың  6 айында атқарған жұмыстарының қорытындысы бойынша баспасөз мәслихаты өтті. 

    Брифинг барысында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов «Түркістан – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің бастамасымен өңірімізде тұрмыстық жемқорлықтың деңгейін  төмендетуге бағытталған бірқатар келелі жобалардың жүзеге асырылып жатқандығын баяндап, сыбайластықтың алдын алуда және адалдық идеологиясын дәріптеуде жобалық кеңсенің айрықша маңызға ие екендігін атап өтті.  

    Баспасөз жиынында сөз алған аталмыш жобалық кеңсе жетекшісі Асыл Алдаберген 2018 жылдың 13 желтоқсанында ашылған «Түркістан – адалдық алаңы» жобасының аясында сыбайлас жемқорлық фактілері жиі кездесетін салаларға, соның ішінде білім, денсаулық, сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары, әлеуметтік қамсыздандыру секілді салаларға  мониторингтік бақылау жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде Түркістан өңірінде қоғамдық бақылаудың күшейтілгенін жеткізді.   

    Сондай-ақ, билік институттарының ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында облыс аумағында «Open space» үлгісінде 57 мекеме және 69 фронт кеңсе мен 4 халықтық кеңсе ашылғанын мәлімдеп, Жобалық кеңсе тарапынан тұрғындарға қолайлы қызмет көрсетуге басымдық беріліп жатқандығын тілге тиек етті.

    Жобалық кеңсе жетекшісінің мәлімдеуінше, жыл басынан бері «Сапалы жол -  адалдық алаңы» аясында мемлекет бюджеті есебінен Түркістан, Кентау, Арыс қалалары мен  Созақ, Бәйдібек және Сарыағаш аудандарында салынған облыстық және жергілікті жолдардың сапасына зерделеу жұмыстары жүргізіліп, Департаментпен анықталған 17 кемшілік бойынша мердігер мекеме басшыларына қайта қалпына келтіру ұсынылып, нәтижесінде   сапасы сын көтермейтін жолдар қайта салынған.  

    Бұған қоса, ел аумағында карантин режимі ензілгеннен бері Түркістан облысының азаматтарына «Адал көмек» жобасы аясында тәжірибелі заңгерлер,  Департамент басшылары, қала/аудандардың және ауылдық окрутердің әкімдері онлайн форматта жалпы саны 278 тікелей эфир өткізіп, өңір тұрғындарына тегін құқықтық кеңестер мен ақпараттық консультациялар, сондай-ақ  мәселелердің жедел шешілуі бойынша бағыт-бағдар беріп келетіні атап өтілді. 

    Сонымен қатар, Асыл Берікұлы ағымдағы жылдың наурыз айынан бері Жобалық кеңсенің менеджерлері әлеуметтік маңызы бар тауарлар мен азық-түліктердің және дәріханалардағы бетперде мен антисептик қорғаныш құралдарының баға тұрақтылығына мониторинг жұмыстарын жүргізіп,  ағымдағы жылдың маусым-шілде айларынан бері әр күн сайын тұрақты негізде облысқа қарасты қала/аудандарда орналасқан дәріханалардағы дәрілік заттардың шектік бағада сатылуын және шет мемекеттерден келген гуманитарлық көмектің мемлекеттік ауруханаларға толық тасымалдануын жіті бақылауға алып келгендігін жеткізді.   

    Ағымдағы жылдың шілде айында облысқа қарасты 934  дәріханаларға жүргізілген бір айлық зерделеу жұмыстарының нәтижесінде 28 дәріхананың дәрі-дәрмек бағасын шектік бағадан асырып сатқандығы және 2 дәріхананың мемлекеттік лицензиясыз жұмыс жасап келгені анықталып, шара көру үшін уәкілетті органдарға жолданды.