Төтенше жағдай кезінде жұмыссыз қалған азаматтарға қолдау көрсету мақсатында ең төменгі жалақы мөлшерінде 42500 теңге әлеуметтік төлемді тағайындау жұмыстары наурыз айының соңында басталған болатын. Түркістан облысы бойынша 544,5 мың азаматқа 23,1 млрд. теңгеге әлеуметтік төлем берілген. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаева мәлімдеді.

    Ағымдағы жылдың шілде айында шектеу іс-шараларын енгізілуіне байланысты табыстарын жоғалтқан мұқтаж азаматтарға ең төменгі жалақы (42 500 теңге) мөлшерінде біржолғы төлем жүзеге асырылатыны белгіленді. Қазіргі таңда Түркістан облысы бойынша 297,8 азаматқа 11,3 млрд.теңгеге әлеуметтік төлемдер берілді.

     «Жалақысы сақталмайтын демалыста жүрген және төлемге құқығы бар қызметкерлердің тізімін жұмыс берушілер egov.kz және 42500.enbek.kz порталдары арқылы ұсынады. Олардың қызметінің шектелу фактісін құрамына Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен кәсіподақтардың өкілдері кіретін аудандық және қалалық штабтар растайды. Басқа санаттағы азаматтар төлемдерді тағайындау үшін өз бетінше өтініш береді. Өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамдарға біржолғы төлемге өтініш беру үшін бірыңғай жиынтық төлемді (БЖТ) қайта төлеу міндетті емес. Өтініштер 2020 жылғы 1 қыркүйекке дейін қабылданады», - деді Әсия Құралқызы. 

    Ағымдағы жылдың шілде айында шектеу шараларының енгізілуіне байланысты табысынан айырылған жағдайда МӘСҚ-тан біржолғы төлем тағайындау туралы өтінімдерді келесі порталдар арқылы беруге болады: «Электрондық үкімет» веб-порталы; 42500.enbek.kz портал; telegram-bot-тар; Aitu мессенджеріндегі 42500.enbek.kz қосымшасы; екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшалары мен интернет-ресурстары.

    Бұдан бөлек, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, төтенше жағдайға байланысты ағымдағы жылдың сәуір-мамыр  айларында облыста 5 әлеуметтік топқа жататын азаматтарға азық-түлік-тұрмыстық жиынтықтармен қамтамасыз ету үшін өтемақы ретінде 5567 теңге берілді. Барлығы облыс бойынша сәуір-мамыр айларында 160,6 мың адам 1,8 млрд.теңгеге азық-түлік-тұрмыстық жиынтығымен қамтылған. Ол топқа жататындар: атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатарындағы 6 жастан 18 жасқа дейінгі балалар; медициналық-әлеуметтік мекемелерде тұрақты тұратын мүгедектерді қоспағанда, 16 жасқа дейінгі мүгедек балалар; медициналық-әлеуметтік мекемелерде тұрақты тұратын мүгедектерді қоспағанда, барлық жастағы I, II, III топтағы мүгедектер; мүгедек бала тәрбиелеп отырған адамдар; жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті органда тіркелген жұмыссыздар. Қосымша ағымдағы жылдың 20 шілдесінен бастап айдың соңына дейін аталған санаттағы азаматтарға азық-түлік-тұрмыстық жиынтығы берілетін болады.

    Сондай-ақ, баспасөз мәслихатына қатысқан ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Түркістан облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Марат Архаров шектеу шаралары кезіндегі мүгедектіктің тағайындалуы мен танылуы жайын сөз етті. Сонымен қатар, облыстық еңбек инспекциясы жөніндегі басқарма басшысының орынбасары Бегман Нұрмаханов шектеу іс-шараларын енгізуге байланысты кірісінен айырылған адамдардың тізімін және талаптарға сәйкес келуін жұмыс беруші айқындайтынын айтты. Жұмыс беруші Қағида талаптарын сақтамаған жағдайда жұмысшы еңбек инспекциясы жөніндегі жергілікті органға арыздануға болатынын жеткізді.

    Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі