Онлайн брифинг барысында ішкі істер министрі Тұрғымбаев Түркістан облысында орын алған тұрмыстық жанжал туралы ақпарат берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

    Министр әлеуметтік желіде кең таралып, халықтың арасында талқыға түсіп кеткен Түркістандағы оқиғаның мән-жайын түсіндірді

    "Ең алдымен Түркістан облысында жастар арасында тұрмыстық жанжал болды. Екі жақ бір-біріне тас лақтырып, нәтижесінде бір учаскелік инспектор мен үш тұрғын жарақат алды. Оқиға орнына дереу жеткен полиция учаскелік инспекторы жарақат алғанына қарамастан, заң бұзушылықтың жолын кесті. Жедел іздестіру шаралары барысында жанжалға қатысы бар төрт азамат ұсталды. Қазіргі кезде жанжалдың неден шыққаны тексеріліп жатыр", - деді шенеунік.

    Ол тәртіп бұзғандар қатаң түрде жазаланатынын айтып, тиісті шаралар қабылданғанын жеткізді.

    "Бұзақылық фактісі бойынша тергеу жұмыстары жүргізілуде. Бірақ арандатушылар әлеуметтік желі арқылы тәртіпсіздік жасауға шақырып, жалған ақпарат таратқан. Полиция қызметкерлері бұл заңсыз әрекеттердің жолын кесті", - дейді министр.

    Еске сала кетейік, Түркістан облысында бір топ ер адам жиналып ауылдасының үйіне тас атты.