Таяуда ресми түрде ажырасқанын мәлімдеген Дәурен Айдарқұлов пен Ақбота Сейітмағамбеттің жанұясындағы жайсыз жаңалық әлі күнге дейін қазнеттің қызу талқысында. Көптің көкейіндегі сауалды Stan.kz тілшісі экс-жұбайларға жолдады. Бірақ, олар жеке өміріне қатысты сансыз сұрақтарды жауапсыз қалдыруды жөн көрген секілді.  

    "Жоқ, бұл сұраққа жауап бере алмаймын. Бұл тақырып туралы ешкімді мазаламауларыңызды сұраймын. Рақмет!" - дейді Дәурен Айдарқұлов.

    "Бірден айтайын сұхбатқа келіспеймін, тағы басқа сұрақтарға жауап бермеймін!" - дейді Ақбота. 

    Атышулы жұптың бұл әрекеті кезекті хайп қадамдардың бірі болуы бек мүмкін. Бұған дейін де олар ажырасқанын айтып, кейін қайта қосылған еді. Сондай-ақ, бұрынғы ерлі-зайыптылардың шулы тақырыпқа қатысты жауаптары да ұқсас. Құдды бір өзара келісіп алғандай. Бастапқыда екі жаққа кеткендерін инстаграмда бір күні, бір сағатта растаған. Ақбота – ана тілінде, Айдарқұлов – орыс тіліндегі жазбаны желіге жүктеген еді.

    "Дәуренмен ара-қатынасымыз заңды түрде тоқтады. Ендігі жерде ешкімді кінәлап, біреуді даттаудың керегі жоқ шығар. Саналы түрде осындай шешімге келдім. Бір басыма жетерлік өмір сынақтарынан өтіп жатырмын, алда не күтіп тұрғаны да беймәлім. Айтарым, мен қолымнан келгеннің бәрін жасадым, қалғаны тағдырдың жазғаны", - деп жазды Ақбота-Нұр.

    "Төрт жыл бұрын "Гламур для дур" фильмінің кастингінде Ақботамен танысу менің өмірімнің түпкілікті өзгеруіне себеп болды. Міне, 4 жылдан кейін біздің қарым-қатынасымыз, өкінішке қарай, тоқтады. Біз ажырасамыз. Ажырасу себебін жария етпейміз. Біз барлық күшімізбен некені сақтап қалуға тырыстық", - деп жазды Айдарқұлов.

    Санаулы уақыттан соң Дәурен алғашқы отбасындағы үш баласымен түскен суретін парақшасында салып: «Жуырда бірге боламыз, Ин шалла», - деді. Алайда, аталған фотоны көрген көпшілік актердың бірінші жанұясына қайта оралатынын айтып, өз болжамдарын жасады. Бұл ақпараттан Айдарқұлов та хабардар болса керек, көп ұзамай тағы да су жаңа постын оқырмандарының назарына ұсынды.

    "Құрметті, инста-достар! Соңғы күндері менің жеке өмірім жайлы әртүрлі алып-қашпа әңгімелер жүріп жатқанын әлеуметтік желілерден көріп отырмын. Пікірлердің басым бөлігі "бірінші отбасымен қосылғалы жатыр" деген әңгімелер. Бірақ, олай емес", - деді Дәурен инстаграмда.

    Айта кетейік, Айдарқұловтың алғашқы отбасында үш баласы өсіп келеді, ал екінші рет шаңырақ көтерген Дәурен мен Ақботаның ортақ некесінде ұлы мен қызы бар.