Кезінде аты аңызға айналған Зинедин Зиданның мұрагері ретінде қаралған, алайда, өзіне де, өзгеге де беймәлім себептермен футболдағы мансабын құрдымға жіберіп алған франция футболының түлегі Самир Насри БАӘ-де коронавирустық пандемия кезінде жоғалып кеткен. Бұл туралы әлемдік БАҚ таласа жазуда.

Бельгиялық «Андерлехт» футбол клубының 32 жастағы ойыншысы БАӘ-ге наурыздың соңында, нақтырақ айтар болсақ,  командасы карантинге кеткен кезде барған. Сол уақыттан бері футболшы байланысқа шықпаған, сонымен қатар әлеуметтік желілерде фотолар мен жазбалар жариялауын тоқтатқан.

Өзінің Инстаграм парақшасындағы 1 сәуір күні жариялаған соңғы жазбасында "Марсель" футбол клубының бұрынғы президенті Пап Диуфтың коронавирустан  қайтыс болуына байланысты қайғырып көңіл айтқан.

Ал, «Андерлехт» футбол клубының жаттықтырушылары барлық ойыншыларға өздерінің іс-әрекеттері туралы басшылықты хабардар етуді міндеттегендері белгілі болған. Самир  Насри аталған ережені сақтамаған жалғыз брюссельдік ойыншы болып отыр.

Еске сала кетейік, «Марсель» сапында жасындай жарқыраған ойыншы Бельгияның «Андерлехт» командасына үстіміздегі жылы қосылған болатын. Оған дейін ол Лондондық «Вест Хэм» сапында өнер көрсеткен. Француз футболшысының мансабындағы ең танымал клубтар "Манчестер Сити" мен "Арсенал" болды. Ұлттық құрама сапында ол алаңға 41 мәрте шыққан.