Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Үндеуінде маңызды мәселені қозғады. Әлем дүрлігіп, қауіпті індетпен күресіп жатқан шақта біздің еліміз де қауіпсіздік іс-шараларын барынша күшейткені өте орынды деп жазады Nur Otan партиясының Түркістан облысы филиалы Төрағасының І орынбасары Бейсен Тәжібаев өзінің фейсбук аккаунтында

Бүгінде тұмаудың жаңа түрі Қытай, Оңтүстік Корея, Италия, Испания, АҚШ және Германия, Франция сынды экономикасы қуатты елдердің өзін әуре-сарсаңға салып отыр. Бірқатар мемлекеттерде төтенше жағдай енгізілді. 

Өкінішке қарай, 9 азаматының ауру жұқтырғаны анықталды. 

Осынау сындарлы сәтте Президентіміздің төтенше жағдай жариялап, елмен байланысқа шығуы, қауіпсіздікті нығайтуы халықтың мемлекетке деген сенімін арттырады. 

«Біз экономикалық жағдайды басты назарда ұстаймыз. Мемлекет барлық әлеуметтік міндеттемелерін орындайды. Қаражат бар. Осы орайда азық-түлік қоры жеткілікті екеніне назар аударғым келеді. Күнделікті тұтынатын тауар бағасын негізсіз қымбаттатуға жол берілмейді. Біз ел жұртты дүрліктіріп, арандататын әрекеттерге тыйым саламыз. Жалған ақпарат таратып дүрбелең туғызатындар заңға сәйкес жауапқа тартылады», – деген Мемлекет басшысы отандық кәсіпкерлерді қолдауға және жаңа жұмыс орындарын құруға кем дегенде 300 млрд теңге бөлінетінін мәлімдеді. 

Сондықтан түрлі қаусесеттерге сенбей, ресми ақпараттарға ден қойған абзал. Мемлекетіміз әрбір азаматтың денсаулығы мен құқығын қорғайды. Осы бағытта мыңдаған дәрігерлеріміз жұмыс режимін күшейтіп, өзге де мемлекеттік құрылымдар қырағылықты жандандыра түсті. 

Ендеше қауіпті ауру жаппай таралмай тұрғанда шекараны бекемдеп, сақтықты күшейтен Қазақ елі бұл қиындықты да жеңіп шығады деп сенемін. 

Барша қазақстандықтар дәрігерлер мен санитарлар ұсынған ережелерді қатаң сақтап, отбасымен бірге болғаны жөн. 

Бірлік, сабыр, сенім және жауапкершілік елімізді тығырықтан алып шығады.


Бейсен ТӘЖІБАЕВ