1941-1945 жылдардағы алапат соғыста жан қиярлық ерлік танытып жүрген 30 жастағы қазақ сарбазы жоғалып кетті. Ізім-қайым жоқ. 

Оны дивизия құрамындағылар да, командирлер де жылы естелікпен еске алса да, мүмкін бір жерден ентігіп келіп қалар деген үміт сәулесі жоғалмады, алыстан қарауытқан бірдеңе көрінген сайын сол үміт көңілде жылт ете түсетіні несі? Соғыс аяқталды, Отан үшін жан қиғандар келмес сапарға аттанды, өлгендер қайтып келмейді. Ал тірілері ер атанып, туған жердің топырағын құмарлана иіскеп, өзін асыға күткен жақын-жұрағатына қауышты. Бірақ жоғалып кеткен ер жігіт сол күйі оралмады. Адамның не өлгені, не тірі екені туралы нақ хабарың болмаса, елегізе береді екенсің. Талай жылдар зулап өте шықты. Қазір 2020 жыл. Енді жоғалған жігіттің оралмасы анық. Ол Павлодар облысы, Галкин ауданы, Шоқтал ауылында дүниеге келген Бурумбай Калимович Есембеков (құжаттағы жазу бойынша) болатын. Бұрымбай тегін адам емес еді. Бір жылдың ішінде екі рет «Ерлігі үшін» медалін алған қазақ сарбазы. Ал соғыста мұндай медальді бір жылда екі рет алу өте сирек кездеседі. Бұрымбай Есембеков 1941-дің 15 тамызында Павлодар облысы, Цюрупинск ауданындағы әскери комиссариат арқылы соғысқа шақырылған. Соғысты қатардағы жауынгер болып бастаған ол ерекше ерлігімен көзге түседі. 1943 жылдың 2 ақпан күні Волхов фронтына қарасты 314 атқыштар дивизиясындағы 1078 атқыштар полкының қатарында 17 рет майдан даласына кіріп, екі жолдасын қару-жарағымен қосып, майдан даласынан алып шығады да бірінші рет «Ерлігі үшін» медальмен наградталады.

1943 жылдың 20 қарашасында тағы да жанқияр ерлік көрсеткен Боранбай Есембеков екінші мәрте «Ерлігі үшін» медальін 26 қарашадағы бұйрықпен омырауына тағады. Бұл жолы ұрыс даласындағы қаршадай жауған оққа қарамастан батальон командирі мен рота командирі арасындағы байланысты жалғап, штаб бастығымен рота командирі арасындағы үзіліп қалған телефон желісін түгел қалпына келтіреді. Волхов фронтына қарасты 314 атқыштар дивизиясындағы 1078 атқыштар полкының қатардағы жауынгері Боранбай Қалымұлы осылайша өшпес ерлік танытады. 

Қазақ сарбазы 1944 жылдың 22 желтоқсанында із-түзсіз жоғалып кетті. Содан бері оның тағдыры белгісіз. Дегенмен, шырағы сөнбеген Б.Есембековтың артында қалған ұрпағы баршылық.

Бұрымбай Қалымұлы туралы естеліктер Эстон жерінде сөйледі. Оның 44 жылдың ызғарлы желтоқсанында сол күйі ізім-ғайым жоғалған сәтінен бері әскери затқапшықтан табылған екі медаль мен ғайыптан тайып, бүлінбей қалған құжаттар осы мақаланың дүниеге келуіне себепкер болды. 

Осы орайда, аталмыш деректі тауып, журналист ретінде бізге ұсынған ҚР Эстониядағы Елшілігі мен Төтенше және Өкілетті Елші Нұрлан Мұсатайұлына айтар алғысымызды білдіреміз. Ал мен мақала авторы ретінде аталған затқапшықты тапқан іздестіру тобы мен оның жетекшісімен де алдағы уақытта сұхбаттар жазып, материалымызды толықтырарымыз анық.

Олжас БЕРКІНБАЕВ