Біз барғанда күн жылы болды. Тау басы болғандықтан ба, жерде қар жатты. Күн жып-жылы, қар болса,әлі ерімеген әппақ болып жатыр. Шынымен таң қалдым. Обсерватория маңынан ғылым мен шығармашылықтың аурасы сезілді. Есіме өмірден ерте кеткен қазақтың танымал жазушысы Нәсіреддин Сералиевтің шамамен, «Тау басында қар жатыр. Күнге жақын болса да, ерімейді ол неге? – дейтін жолдары бар өлеңі оралды. Марқұм атам Жәділ үнемі аузынан тастамай мақтап отыратын жазушыларының бірі еді. Жас күнінде Қазақстанда ең ірі әзірбайжан диаспорасы тұратын (шамамен 30 мыңдай адам) Шымкент қаласында дастархандас болса керек. Танымал жазушы болса да, пенделік мінез көрсетпей, кісілік пайымын көрсеткен Н.Сералиев туралы өле-өлгенше жақсы сөзін айтып өтті.  

Біз Насредин Туси атындағы Шемах обсерваториясына табан тіреп келеміз. Обсерватория Әзірбайжанда орналасқан. Іргетасы 1960 жылы қаланыпты. Аталмыш обсерваторияны құрып оны қалыптастыруда белгілі ғалым Юсуф Гейдар Оглы Мамедалиевтің еңбегі ересен. Ю.Мамедалиев 1947—1950 және 1958—1961 жылдары Әзірбайжан Ғылым академиясының Президенті болған. Мамандығы бойынша - химик, осы ғылым саласының докторы, академик. Ғылым академиясына басшылық жасаған жылдарын қарап отырып, қазақтың біртуар ұлы Қаныш Сәтбаевпен замандас екенін шамалаймыз. Ал Әзірбайжан ҒА физика институтының астрофизика секторының базасында ашылған обсерваторияға 1981 жылы орта ғасырда өмір сүрген математик Мұхаммед Насреддин Туси есімі берілген. 2008 жылы күрделі жөндеу жұмыстары басталып, 2013 жылдың 16 мамырында бұл шаруалар толықтай бітіп, обсерватория тың серпін алады.

Бізге таныстыру жұмыстарын жүргізіп жүрген ғалым сөзінен ұққаным, мұндағы негізгі құрылғылар мен телескоптар Германияда жасалған. Негізінен күн жүйесін толығымен зерттейтін обсерватория екенін айтқан Намиг Джалилов бүгінгі таңда ғарышта үш әзірбайжандық спутник ұшып жүргенін айтып қалды. Қазіргі кезде ғарыштағы 13 аспан денелерінің атауы мен кей планеталардың кратері Әзірбайжанға тиесілі екен. Өткен ғасырдың 1960-1980 жылдары ғарыш саласына қажетті мамандарға республика билігі тарапынан қажетті көңіл бөлінеді де, 1976 жылы Гейдар Әлиевтің тікелей тапсырмасымен Әзірбайжан Мемлекеттік университетінің базасында астрофизика кафедрасы ашылады. Астрономия саласына қажетті кадр жасақтау мәселесінде аталмыш кафедраның қазіргі уақта орны ерекше.

«Еуропа елдерімен жоғары массалы жұлдыздарды зерттеумен айналысу мәселесі бойынша әріптестік орнатамыз» - деген Н.Джалиловтан бір жарық жылы қанша шақырымға тең? – деген қарапайым сауалымызды жасыра алмадық. Себебі, обсерватория музейін аралап жүріп, телескоп арқылы түсірілген бір жарық жұлдыз бен Жердің арасы – 5000 жарық жылы екен. «Бір жарық жылы 10-ның 13 дәрежесіне тең» - дегенде, түсінбестікпен тағы да бас шайқадық. Мектепте матеметика мен алгебраны дұрыстап оқымағанымызға шындап өкіндік осы жолы. Еріксіз күлген әзірбайжандық ғалымдар «1 санының қасына 13 нөлді қоссаң жарық жылдамдығының қашықтығы шығады» - деді.

Сөзіміздің сабақтастығын үзіп алмайық деп әрі қарай да алуан түрлі сауалды жаудыра бастадық.

«Құдайға сенесіз бе?» – деген сауалымызға «бүкіл астрофизиктер, оның ішінде Эйнштейн де Құдайға сенген» - деп сенімді жауап берді. «Себебі, жердегі өмір қыл үстінде тұр. Ғарыш параметрінің титтей өзгерісі жердің тас-талқанын шығарады. Құдай бар. Әлем қайдан пайда болды? Жер жаралды. Оны бір құдірет жасады. Ғаламшар кеңеюде. Біз негізгі әрі маңызды күш гравитация деп ойлап келдік. Антигравитациялық бір күш бар екен. Ол күш кеңейіп, алға жылжуда. Айтқандай, «Құранда» бір сүре бар. Жүз елу нешінші сүре. Менде ұсыныс бар, біздің саланың ғалымдарын жинап, «Құранға» талдау жасауымыз керек. Қасиетті кітапта көптеген нәрселер бар» - деп обсерватория ішінде Әзірбайжан елінің ең құрметті ғалымымен сұхбатымызды әрмен қарай жалғастыра бердік. 

«Арманыңыз бар ма?» – деген сауалымызға сәл кідіріп қалған физика ғылымдарының докторы, профессор Насредин Туси атындағы Шемах обсерваториясының директоры Намиг Джалилов: «Адамда арман көп қой, отбасыңды ойлайсың, жұмысыңа асығасың» - деді.

- Жоқ, өмірлік арманыңыз туралы айтсаңыз?

- Ғылыми мансабымның соңында әлем қалай жаралғанын түсінгім келді.

- Ал Сіз, оны түсіндіңіз бе?

- Жоқ, маңына да жеткен жоқпын.

- Сұхбатыңызға көп рақмет!

Ал,Сіз, осы материалды оқыған құрметті оқырман, әлемнің қалай жаралғаны туралы ойладыңыз ба? Жалпы, осы сұрақ Сізге қызық па?


Олжас БЕРКІНБАЕВ,

Баку – Шамахы – Баку

Әзірбайжан Республикасы

Осы сапарды ұйымдастыруға ұйытқы болған Әзірбайжан Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшілігі мен ҚР СІМ Халықаралық ақпарат комитетіне Алғысымызды білдіреміз.