Қарақат Әбілдина тұрмысқа шыққан кезінде картоп та қуыра алмағанын айтады. Әншінің айтуынша, отбасындағы бес қыздың ішіндегі үй шаруасына икемсізі Қарақаттың өзі болған. Алайда тұрмысқа шыққаннан кейін барлығын үйреніп, шаруаны дөңгелетіп әкеткен Қарақат жас қыздарға кеңесін айтты, деп хабарлайды Stan.kz.

Қарақат Әбілдина бала күнгі естелігімен желідегі парақшасында бөлісті.

“Мені үйдегілер ‘шұнағым’, ‘алтын балығым’, ‘ашық ауызым деп атайтын еді. Ашықауыздығым әлі бар. Үйдегі бес қыздың ішіндегі ең жұмсағы, бәрінен қорқатыны, үй тірлігіне онша икемі келмейтіні мен болатынмын. Анашым, әсіресе, менің болашағыма қатты алаңдаушы еді. Себебі, сіңілім де, апаларым да өте өжет, ширақ болатын, қолдарынан бәрі келетін. ‘Сендер өлмессіңдер, мына ашық ауызымның тағдыры не болар екен’ – дейтіні есімде. Енді қайтпек, Қақаты тұрмысқа шыққанда картоп қуыра да білмеген, если что.

Шүкір ғой, сөйткен қызы бүгінде бәрін меңгеріп алды деуге болады. Бір қонақты күтіп алып, енді бірін шығарып салып, өзім қонаққа барып арасында әнімді айтып, концертке қатысып, бала-шағаны жайлап жатқан қайнаған тірлігімді көргенде, анамның айтқаны ғой “өзің әбден ‘мәттәқан’ болып алыпсың ғой, қызым-ау’ деп.

Сол сияқты, ‘мәттақан’ болуға өмірдің өзі үйретеді екен… Вот так вот… Сондықтан ‘мен тамақ істей алмаймын, бәріне бірдей қарай алмаймын, үлгермеймін, сөйтпеймін-бүйтпеймін’ деп қынжылмаңдар, қыздар. Бәрі сылтау. Тұрмыс құрып, басқа түскен соң, бәріне әккі боп кетесіздер. Өз өмірің – өз қолыңда, ұмытпаңыз, әйелдің 40 жаны бар”, – деп жазды Қарақат.