Елімізде «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты мультимедиялық веб-портал жарық көреді. 

Бұл туралы Алматыда өткен «Отан тарихындағы тұлғаның рөлі» атты халықаралық конференцияда айтылды, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Тарихшылардың пікірінше, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы ұлттық тарихымызды зерттеуге серпін беріп отыр. Айталық, археографиялық экспедиция Омбыдан 3,5 мыңнан астам тың деректі әкелген. 1934 жылы «құпия сақталсын» деп мөр басылған құжаттар қазақ елінің XVII-XIX ғасырдағы өмірінен және Абылай хан туралы мағлұмат береді. Мультимедиялық порталға әзірге 100 тұлғаның есімі енгізіледі. Олардың арасында көпке үлгі болар қазақ қыздары да бар. Ақпарат қазақ, орыс және ағылшын тілінде жарияланады. Портал әуелі Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының сайтында болады. Кейін жеке сайт болып ашылып, қазақ тарихында ерекше орны бар тұлғалар туралы деректермен толықтырылып тұрады. 

Зиябек Қабылдинов, Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының директоры: 

- Жәй ғана мына ел аузында жүрген әңгіме бұрын Кеңес үкіметінде жиналған жеңіл-желпі деректердің негізінде емес, мына соңғы жылдары бүкіл әлемнің мұрағаттарынан әкелінген материалдарға негізделген. Осылай әлемге таныстырылым жүреді. 

Дәрия Қожамжарова, М.Әуезов атындағы оқму ректоры: 

- Тұмар патшайымнан бастап бертін келе ортағасырлық тұлғаларды: Айша бибі, Бабаджа хатун, одан кейін Бопай ханым ұлт-азаттық көтерілісіне негіз болып келген. Ал, енді «кейінгі дәуірлерде Төле бидің келіні Данагүлдің ерекше өзіндік қазақ болмысындағы рөлі туралы неге айтпасқа» деген сұрақтар келді.


Дереккөз: www.24.kz