Рая... Раечка, Раиса, Раиса Мажитовна, Раиса Мухамедиярова... Раиса Мухамедияров – Мусрепова...

Ел-жұрт ол кісіні осылай атайтын. 

Апайды алғаш кинодан көрдім. Дұрыс-дұрыс... Иә, сол, «Менің атым – Қожадан» (Майқанованың ролінде) Көрдім де иландым... Жек көрдім... Алайда, әп-әдемі «тәтейді»  ішімнен жамандыққа қимағам да... Кейін «Жаңа фильм» журналының мұқабасынан көрдім. Сол суретті қайшымен қиып, көпке дейін сөмкемде сақтап жүрдім. Бір күні ауылдағы мәдениет сарайына бір топ кино артистерінің суретін іліп қойды (Нұрмұхан Жантөриннің, Асанәлі Әшімовтің, Раиса Мухамедиярова, т.б артистердің суреттері еді). Бота көз, ұзын кірпік, томпақ ерін, аққу мойын... Иә, иә, Раиса сұлулықтың символы еді. 

Сонау өткен ғасырдың 60, 70, 80, 90 – жылдарына дейін Раиса Қазақ киносының мақтанышы болды. Театр сахнасында көптеген әйел бейнесін сомдады. Әлі есімде... Мен Дон Ук қойған Оразхан Бодықовтың «Отырардың күйреуі» спектаклінде Ханшайым ролі ерекше болды. Ұзын бойлы, үстінде ақ көйлек, басында алтын тәж, қынама камзол киген патшайым шыға келгенде көрермен елең ете қалатын. Даусы саңқ-саңқ еткенде әрбір сөзі, әрбір мақамы құлаққа майдай тиюші еді. 

Әлі есімде, біз Консерсаторияның театр факультетінің студенттері кейде ТЮЗ-ға массовкаға шығатынбыз. Өйткені, әр шығуымыз – 1 сом болатын. Сол кезде Раисаны жақыннан көрдім. Бірде ол кісі өз сахнасын ойнап болды да, қараңғыда гримеркасына беттеген. Ұзын көйлегі еден сыпырады. Қараңғыда ентелеп, «сұлу апайға «сұқтанып» келе жатқанда аяғымдағы етікпен ақ көйлекті басып кеткенімді байқамадым. Ол кісі жайлап бұрылды да мені көрді. Сосын сыбырмен: «Байқасаңшы, айналайын» - дегені. Екі бетім ду ете қалды. Сасқанымнан «кешіріңізді» естілер-естілместей сыбырлап айттым... Жүрегім лүпілдеп кетті, сұлу актрисаның маған айтқан «айналайыны» да ғажап болатын. 

80-ші жылдары «Қазақфильмге» келгенімде Раиса Мажитовна дубляжда болатын-ды. Ол кезде қазақ киносының, әсіресе дубляж саласының дәуірлеп тұрған шағы. Режиссерлер -Майра Әбусеитова, Қуат Әбусеитовтер, Дариға Тналина, Фазыл Атушевтер. Ал сол дубляждың корольдары -Мұхтар Бақтыгереев, Алтынбек Кенжеков, Мәкіл Құланбаев, Омархан Қалмырзаев, Әнуар Молдабеков, Фарида Шарипова және Раиса Мухамедияровалар болатын. 8 март көшесіндегі «Қазақфильмнің» дубляжы  ІІІ қабатта орналасқан. Күнде кешке қарай, Алматының бар қызығы сонда көшіп келетіндей көрінетін (маған). Өйткені Раиса Мажитовна да осында болушы еді. Олар кезек-кезегімен рольдерін жазады. Ал, басқалары карта ойнайды. Топтың ішінде аққудай болып Рая отыратын-ды... 

Анда-санда көріп амандасқаным болмаса, басқа таныстығым жоқ-ты. Көп ұзамай Москваға оқуға кеттім. Кинорежиссер болсам деген арман алысқа алып кеткенді. Ол кезде салт оқыдым. Жолдасым мен үлкен ұлым Алматыда қалды. Бір күні үйдегі балам Дидар сары ауру-боткин болды деп естідім. Кетейін десем, сабақ; кетпейін десем қолымнан ештеңе келмейді. Әсіресе, табылмайтын дәрі.. Осындай қиналған сәтте режиссер Ұлжан Қолдауоваға телефон шалып, бар жағдайды айттым. Мүмкіндік болса, сол дефицит дәріні тауып, Гүлбарамға берші деп жалынғандай болдым. Екі-үш күнде дәрі табылып, кейін баламыз жазылып кетті. Сөйтсем, Ұлжаннан естіген соң, Раиса Мажитовна таныстары арқылы әлгі дәріні алғызып, үйге беріп жіберіпті. 

Иә, иә. Раиса Мухамедиярова үлкен жүректі жан еді. Тіпті ол кезде мені дұрыс танымайтын да. Кейін (жазғы) каникулға келгенде ол кісіге жолығып, рахметімді айттым және өткендегі дәрінің ақшасын қайтарайын дегенімде, алмай қойды. Тағы да ұялдым, тағы да іштей риза болып, тағы да іштей алғысымды айта бердім (сонда)... 

Раиса Мухамедиярованы алғаш «Қазақфильге» алып келген - Шәкен Айманов. Апай сол жерде актерлік жолын бастады. 

Рольдері: 1961 ж Ә. Мәмбетов — Ән қанатында — Айгуль,1961 А.Карпов — Сплав — Камиля, 1962 ж Э.Файк  — Мальчик мой! — Бибигул, 1963 ж А.Қарсақбаев— Менің атым Қожа — мұғалім  Хадиша Майканова, 1963 — И в шутку и всерьëз — Шолпан, 1968 ж А. Қарсақбаев — Балалық шаққа саяхат —  Кулімбала, 1969 ж Ш.Айманов — Найзағайдың етегінде — Дина.

Мен Балалар мен Жасөспірімдер театрында басшы болып тұрғанда, ( 7-8 жыл бұрын) Раиса Мажитовна бізге келіп тұратын. Әлі есімде, «Бұлбұлдар түні» қойылымына шақырдым. Спектакльден соң Раиса Мажитовна үлкен бота көздері жасқа толып, толқып шықты. Актерлерге рахметін айтып, басты рольдегі Жанар Мақашева мен Мухит Шынтаевқа қатты риза болғанын жеткізді.  Сол кеште ұзақ отырдық. Раисамен бірге отыру да ғанибет болатын.

Иә, өмір шырмалаң дейміз. Кезінде Ғабең – Ғабит Мүсірепов қайтқан соң Раиса да біраз теперіш көрді. Оны театрдан жұмысқа кешігіп келді деген сылтаумен шығарып та жіберді. Және жалғыз емес, Қасым Жәкібаевты да театрдан қуған-ды. Кейін Досхан Жолжақсынов театрға директор боп келген соң, екеуін театрға қайта шақырды. Қасым аға келді, Раиса келген жоқ. Иә, бұл да тектілік болатын. 

Раиса тек сұлулықтың символы ғана емес сонымен қатар сол заманның, сол кездегі моданың, сәннің үлгісі бола білді. Бүкіл қыз-келіншекке - үлгі, ер-азаматқа - арман болған асыл жан болатын. Дауысында ерекше бір әуез, Европалық-қазақи мақам болатын..

Бір басында әйел затының сұлулығы да, ақылдылығы да, бекзаттығы да болатын. 

Қайран Раиса Мажитовна! Қазақ қызы қандай дегенде, осындай деп мақтанатын өзің едің. Ғабеңдей ұлы тұлғаның ұрпағын жалғаған Гүлнәр мен Гаухарға адал ана болдың. 

Раечка – Ғабеңнің музасы болды. Басқа басқа «Қыз Жібек» кинофильмінің сценарийі мен өмірге «Ұлпанның» келуіне себепкер болған да Раиса болатын. Сосын Ғабең жайлы айтқанда бота көздеріңіз суланып, күрсініспен, сағынышпен  мұңдана айтушы ең... Сағынушы ең... 

Сені бізден алып кеткен сол ұлы сағыныш, ұлы махаббат шығар деймін қазір..

Рая, Раечка, Раиса Мажитовна!

Бір сөзбен айтсақ, сізбен қоштасқымыз келмейді. Өйткені сұлу жандар өлмейді. Сұлулар тек биіктей түседі. Сіз қазақ киносының ешқашан сөнбейтін жарық жұлдызы едіңіз, сіз тек  жоғарыға ұшып кеттіңіз...

Автор: Талғат Теменов

(Халық артисі, профессор)