Сібір татарлары өздерін Сібір татарлары деп атайды. Қазақтар татарлардың бәрін ноғайлар дейді. 

Ұзақ уақыт бойы ноғайлармен өте тығыз қарым-қатынаста болған қазақтардың татарларды (ал татарлар өздерін бұлғалар дейді) неліктен ноғай дейтіні мен үшін түсініксіз. Мүмкін түркі халықтарының ішінде ең жақын халық болған ноғайларға теңегеннен бе әлде Ноғайлы заманын әлі аңсаудан ба екен? Орыс империясы түркі тектес халықтардың жерлерін жаулап алу кезінде жолында кездескен халықтардың бәрін татар деп атаған ба деп ойлаймын. Кавказ татарлары, Қырым татарлары, Астрахань татарлары және т.б. 

Ал, Сібір татарларының ата қонысы Обь өзенінен батысқа қарайғы далалы және орманды-далалы жерлер, олар Ресейдің осы бөлігіндегі Түмен, Омбы, Новосібір, Томск облыстарында және Түмен, Омбы, Новосібір, Тара, Барабинск және Батыс Сібірдің басқа да қалаларында тұрады. 

1897 жылғы Бүкілресейлік халық санағы бойынша Сібір татарларының саны – 46 мың адам болды, ал 1926 жылғы халық санағы бойынша 70 мыңнан астам адамды құрады. Одан кейінгі халық санақтарында (1939-1989 жылдар) Сібір татарлары жалпы татарлармен бірге тек татарлар деп саналғандықтан, жеке санақтары жүргізілген жоқ. Қазақстанда да аздаған Сібір татарлары бар.

Жалпы алғанда Сібір татарлары антропологиялық та және тіл және мәдени жағынан да Қазан татарларынан (жалпы басқа да татарлардан) гөрі қазақтарға едәуір жақын. 

Сібір татарларының қалыптасуында басқа да көптеген түркі халықтарының қалыптасуына көп еңбек сіңірген қыпшақтардың орны орасан зор. Өзінің қалыптасуы кезеңінде Сібір татарлары қазақ халқымен, угор тектес халықтарымен, самодий, Саян-Алтай, Орта Азия халықтарымен, монғолдармен, Еділ бойы мен Орал бойының татарларымен және башқұрттармен және тағы да басқа да ұлттар мен ұлыстармен тығыз қарым-қатынаста болды. Аталған халықтардың Сібір татарларының қалыптасуына әсері нақты тарихи жағдайлар мен бұл байланыстардың ұзақтығына да қатысты еді. 

Сібір татарлары үш этникалық кіші топтан тұрады. Олар – тобыл-ертіс, бараба және том татарлары. Әрбір топ бір бірінен ауызекі тілдегі, шаруашылық қызметіндегі, материалдық және рухани мәдениетіндегі аздаған ерекшеліктерімен бөлінеді. Сібір татарларының әрбір аталған кіші топтары өз кезегінде тағы неғұрлым ұсақ шағын топтарға бөлінеді. Мысалы, Том губерниясының Кузнецк округіндегі аба тайпалары. Қазір бұл атау жоқ. Осы жердің басқа татарларымен бірге қара татар атауын алған. 

Сібір татарларының этникалық дамуына Сібір қалаларында бұхарлықтар (Сібірлік бұхарлықтар) немесе сарттар деп аталған Сібірге ауып келген орта азиялықтар - өзбектер мен тәжіктердің (қазақтар да болуы мүмкін деп санаймын, олай дейтінім, кейінгі олардың ауылдарының атаулары қазақ ауылдары атауларымен сәйкес келеді) және Сібірге ХV-ХVІІ ғасырларда Еділ бойы мен Орал бойынан ауып келген татарлардың да үлесі күшті болды. Бұлардың бәрін де Сібір татарлары ассимиляцияға ұшыратты және олар ХІХ ғасырдың ортасында Сібір татарларының негізгі компонентіне айналды. 

Қазан революциясына дейін Сібір татарлары тұрған жерлеріне байланысты тобылдық, түмендік, тарылық, барабалық және т.б болып бөлінген немесе көбінесе өздерін мұсылмандар деп атаған. Дәл осы мұсылмандық белгісі олардың санының аз болуына қарамастан сақталып қалуына әсер еткен. Сібір таталарының ішіндегі дәл Бараба (параба) таталарының тағдыры қызық, қазіргі күні олар татар ұлтына ұйысып отыр, аздаған бөлігі сәйкесінше орыстанып кетті. Жалпы, мынадай қызықты байқауға болады, олардың ішінде казактармен араласып кеткендері тез орыстанған да, ал ислам дініне беріктері ұлттық белгілерін сақтап қалғанын тағы еске саламын.

Сібір таталарының ішінде тағы бір қызығы қалмақ деп аталатын этнографиялық тобы да бар екен, өздерінің айтуынша Сібірдің оңтүстігінен келген, саны шамамен 500 адам, қазіргі күні Кемер облысының Юрга қаласы маңында тұрады. Елі мекендерінің аттары да қызық: Зимник (дұрысы Қыстау екен, яғнт татарша Қышлау, орысшалап жіберген ғой). Тағы бір ауылының аты Юрты-Константиновы (сібір татаршасы Тумаел) екен.

Бұл Сібір татарлары (қалмақ этнографялық тобы) әуелде жаңа мекен еткен жерлеріне қоныстанғанда «Бесге монда калмак кирек» деген екен.

Тақырыпты одан әрі ширата түсейін, тағы бір қызығы қалмақтарға қатысты кезінде телеуіттердің (түркі халықтарының бірі) Жоңғария мемлекеті заманында атауы қалмақ болған, дұрысы телеуіттер ақ қалмақ, ал жоңғарлар болатын болса, қара қалмақ атымен белгілі еді. 

Жалпы қалмақ аты айтып тұрғандай ол да түркі сөзі, тағы сарт қалмақ (Қырғызстанда тұрады, қырғыздың бір этнографиялық тобы) пен өзге қалмақты (Қалмақстанды) білетін шығарсыздар. Ал, енді тағы бір қызығы телеуіттер арасында өзіміздің наймандар мен меркіттер де жүр. Біз айтып отырған наймандар (өз тілдерінде маймандар) мынадай екі сүйекке (руға) бөлінеді екен, қара майман және көгөл майман, яғни қара және көк наймандар. Қызық, тарихты қазбалай берсек әлі талай қызықты дүние табарымыз һақ. Тақырыптан шамалы ауытқыған шығармын, десек те бұл деректерді бере кетуді жөн санадым.

Әңгіме өзегі болған - Сібір татарларының тағы бір этнографиялық тобы Чат татарлары деп аталады. Саны бар болғаны 1000-2000 адам көлемінде ғана. Бір қызығы, олардың қазіргі Новосибирскінің орнында заманында Чёртово городище деген бекінісі болыпты, әрине, Сібір татарша атауы бұрмалағаны күмән тудырмайды. 

Чат татарлары ауылдарының атаулары мынадай:   Кафтанчиково, Юрты Чернореченские (Сібір татарша Абытай), Юрты Тохтамышевские, Юрты Барабинские, Юрты Казанские, Юрты Калтайские, Юрты Акбалыкские, Юрты Таганские және т.б. Олар қазіргі күні толықтай ассимиляцияға ұшыраған деуге болады. 

Бір қызық дерек келтіре кетейін. Кезінде орыс ақсүйектерінің көпшілігі Алтын Ордадан шыққан еді ғой, сол сияқты Сібірге келген соң, орныққан Ресей патшалығының мысалы, Томск халқының үштен бірінің қызметші халқын (орысша айтқанда служливые люди) том және чат татарларынан шыққан мырзалар құраған екен.

Бұл тақырыпты әрі жалғастыратын болсақ, Сібірдегі Сібір татарлары қалаларының орнында кейін Ресей (орыс) қалалары пайда болғанын көруге болады. Алысқа бармай-ақ, Тюмень (Сібір татарларының Чинги-Тура қаласы), Қыштым, Қашлық (қазіргі Искер), Томск (мысалы, Томскінің орнында Йәүштә атты Сібір татар ауылы болған), Тура сияқты қалаларды айтсақ та жеткілікті. 

Тарихты қазбалай берсек әлі де талай қызықты дүниеге жолығамыз, қазіргі Новосібір облысында Орда (Ординский) атты аудан бар екен, ал ондағы өзен мен ауылдың аты Чингиска және Чингис екен. Бұл да зерттеушілерін күтіп отырған тақырып деп санаймын. 

Тағы бір қызығы, Новосібір облысының бір ауданының аты Татар ауданы деп аталады. Бұл аталған екі аудан да Қазақстанмен шектеседі және қандастарамыз (қазақтар) тұратын біраз ауылдар әлі де бар. Айтқандай, Бараба, Қарасук, Баған, Чулым, Сузун, Исктим сияқты аудан аттарына қарап ақ әуелден түркі жұртының жері екеніне шәк келтірмейміз.

Татар демекші, чулымдар, хакастар, шорлықтар өздерін татарлар деп атаған. Ал, хакастардың арасында ойрат хыргыс деген ру бар екен. Таңданбай көріңіз! 

Ал, хакастардың арасында қызыл деп аталатын этнографиялық топ бар, сол қызылдардың арасында улуғ арғын (үлкен арғын) және кічіғ арғын (кіші арғын) атты рулар жүр. Міне қызық! 

Сөзімізді одан әрі жалғастыратын болсақ, алтайлықтар ішінде енді арғындардың көршісі қыпшақтар да жүр. Сәйкесінше бұл қыпшақтар котоң қыпшақ, қазақ қыпшақ, сурас қыпшақ, тумат қыпшақ деген сүйектерге (яғни руларға) бөлінеді екен.  

Найман мен қыпшақ тағы да хакастан өзге алтайлықтардың ішіндегі алтай-кижи, телеңгіт, тубалар, құманды, телеуіт арасында бар.

Кейбір ғалымдар дүниеде 12 миллионнан 20 миллионға дейін татарлар бар деп есептейді. Бірақ соның 7 миллион мұсылман татары ғана өзін татармын деп санайды. Ноғайбақ, кряшен татарлары бүгін болмаса, ертең басқа ұлтқа айналатыны сөзсіз. Мысалы, ноғайбақтарды алатын болсақ ұлттық киімі орыс казактарының киімі, діні – православие, тілі әзірге түркі тілі болғанымен, татар ұлтынан жалпы түркі жұртынан алыстап барады. Әрине, өкінішті-ақ. Тағы бір түркі жұрты жойылудың алдында тұр!

Ал енді Сібір татарларына қатысты тақырыпты жалғастыратын болсақ,  Сібір татарлары өз елді мекендерін ауыл немесе жұрт, ал Том татарлары 1917 жылға дейін ауылдарын ұлыс немесе аймақ деп атаған. Сібір татар ауылдары негізінен өзендер мен көлдердің бойында орналасты, ал жолдар салына бастағаннан кейін ауылдар жол бойына салына бастайды. ХІХ-ХХ ғасырлардағы Сібір татар ауылдарына көшелер жоспарланып салынды, көшенің екі жағына үйлерді қатар-қатар салатын болған. Қоғамдық мақсаттағы ғимараттардың ішінде мешіттің алар оны ерекше болды. Мешіттер көбінесе ағаштан, ал кейбір ауылдарда тастан салынады. Қазан төңкерісіне дейінгі болыстық ауылдарда болыстық басқармалардың үйлері болды. Одан өзге, пошта стансалары, жеке дүкендер мен білім мекемелері, шеберханалар да орналасатын болған. ХVІІ ғасырда Сібір татарлары жер үйлер мен жартылай жер үйлерде де тұрған. Кейін үйлер көптеп кірпіштен салына бастады.   

Қазіргі күні жағдайына тоқталатын болсақ, Сібір татарларының саны – 6779 адамнан 210 000 адам аралығындағы санды құрайды (деректер әртүрлі болатын себебі Сібір татарларын кейде татарлармен бірге қосып есептейді). Ресейдің Батыс Сібірінде осы күні 520 000 татар тұрады (2010 жылғы дерек бойынша), оның қаншасы Сібір татар, қаншасы өзге татар екені бір Аллаға аян.

Жоғарыда жазғанымдай Сібір татарларының негізгі қоныстанған аймақтары – Ресейдің Кемер (Кемерово), Қорған (Курган), Новосібір (Новосибирск), Омбы (Омск), Свердлов, Том (Томск), Түмен (Тюмень) облыстары мен Қазақстан, айтқандай, қиын-қыстау заманда Түркия асып кеткендері де бар, осы күні түрік ағайындар арасында Сібір татар ауылы да түтінін түтетіп отыр.

Жалпы, Сібір татарларының біздің жұртқа туыстығы, аралас-құраластығы дау тудырмайтын жайт, бұл ретте, Сібір ханы Көшімнің басы-қасында Ораз Мұхамед Сұлтанның және Қыдырғали Жалаиридің табылуы тегіннен тегін болмаса керек. Оны айтасыз-ау, талай тарихи әңгімелерге арқау болған Сүзге ханымның да қазақ даласынан шығып, Көшімнің ханшайымы Сүзге барған жеріне тастай сіңіп, өз өмірін Көшімнің мұраты жолына арнағаны аян.
Көшімнің елін жаулап алған отаршылармен күресі жолында қазақ даласына қашып келіп, кей деректерде айтылатындай Теңіз-Қорғалжын маңында өлім құшты.    

Елордамыздың атауымен аттас астана деген сөз Сібір татарларының тілдің қорында әулие деген мағына береді екен.

Қысқаша айтқанда Сібір татарлар туралы айтпақ ойымыз осы еді.

Мақалада Интернет материалдары мен суреттері пайдаланылды.

Автор - Амандық Әмірхамзин