Түркістан облысы Сайрам ауданының орталығы Ақсукентте грек-рим күресінен жасөспірімдер арасында республикалық ашық біріншілік жарыстары өтті. 

Байрақты бәсекеге өз елімізден бөлек, көршілес Өзбекстан мен Қырғызстан елдерінің балуандары келіп, бақ сынады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Елімізде спортты дамыту мақсатында көптеген халықаралық, әлемдік деңгейдегі жарыстар ұйымдастырылып жүр. Осындай айтулы додалардың бірі - биыл XXVIII рет жалауы көтерілген грек-рим күресінен дәстүрлі түрде өтетін академик Мардан Сапарбаевты еске алуға арналған турнир. Бұл жарыс жыл сайын ересектер мен жасөспірімдер арасында жоғары деңгейде өтіп келеді.

Жарыстың ашылу салтанатына қатысқан Түркістан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Полат Қырықбаев құттықтау сөз сөйлеп, халықаралық доданың маңызына тоқталды. 

«Бұл турнирден шыңдалып шыққан балуандардың талайы олимпиада ойындарында жеңімпаз және жүлдегер атанды. Алдағы уақытта да жарыстың ауқымын кеңейтіп, халықаралық деңгейде ұйымдастырамыз»,- деді Болат Қырықбаев.

Аталмыш сайыста биыл елімізден 14 команда және көршілес Өзбекстан мен Қырғызстаннан келген командалар қатысып, белдесті.

Аса тартысты бәсекеде жалпы 570-ке жуық балуан бақ сынап, 9 салмақ дәрежесі бойынша өзара мықтыны анықтады. Екі күнге созылған турнир жеңімпаздары анықталып, марапатталды.