Түркістан облысы полицейлері мал ұрлығымен айналысқан қылмыстық топты құрықтап, жолын кесті, деп хабарлайды ERNUR.KZ

Ордабасы АПБ-не жергілікті тұрғын арызданады. Ол өз арызында тұрғын-үйіне белгісіз азаматтар заңсыз кіріп, байлаулы тұрған 1.5 жасар танасын ұрлап кеткенін көрсетті. Жәбірленушіге келтірілген шығынның жалпы көлемі 150 000 теңгені құрады. Аталған жайт сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізіліп, ҚР ҚК-нің 188-бабы бойынша тіркелген. Одан бөлек, Ордабасы АПБ-нің кезекші бөліміне келесі жергілікті тұрғын арызданған. Ол өз шағымында мал жайылымында жайылып жүрген 1 бас сиырын белгісіз жағдайда жоғалтып алып, таба алмай отырғанын айтқан. Ал, үшінші тұрғын ауласында тұрған бұзауын белгісіз біреулер жасырын ұрлап кетіп, өзіне 100 000 теңгеден астам залал келтірді деп шағымданды. 

Ордабасы ауданының полицейлері аталмыш мал ұрлықтарын ҚР ҚК-нің 188-бабы бойынша тіркеп, қылмыстық іс қозғады. Оқиға орындарына жеткен полицейлер шұғыл әрекет етіп, жедел-іздестіру амалдарын жасайды. Тәжірибелі полицейлерден құралған арнайы топ жақын аймақтарды аралып шықты, куәгерлерден сұрастырды. Табылған ақпарат көздері нәтижесінде Ордабасы аумағы бойынша 3 мал ұрлығы дерегіне қатысы бар қылмыстық топ құрықталды. Тәртіп сақшыларының анықтауынша күдіктілердің біреуі Шымкент қаласында тұрса, екіншісі жергілікті тұрғын болып шықты. Күдіктілер үй ауласында тұрған, жайылымда қараусыз жүрген малдарды ұрлап, автокөлікке артып әкетіп отырған. Содан кейін ұрланған малдарды мал базарларға апарып, сатқаны белгілі болды. 

Ұсталған азаматтардың бас шарасы «қолхатта. Олар өз кінәларын мойындап отыр. Аудандық полицейлер қазіргі таңда күдіктілердің басқа да қылмыстық істерге қатыстылығын тексеріп, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізуде.