Бүгін Еуропа Кеңесінде Қазақстан Республикасы мен Еуропа Кеңесі арасында сыбайлас жемқорлықпен күресетін мемлекеттер тобына (ГРЕКО) Қазақстанның қосылуына қатысты келісімге қол қою рәсімі өтті. 

Анықтама: Қазақстан Республикасының Президенті 2019 жылы 27  тамызда тиісті Жарлыққа (№139) қол қойды. 

ГРЕКО  – 1999 жылы Еуропа Кеңесінің бастамасымен құрылған, оған Қазақстанға дейін Австрия, АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Франция, Нидерланды, Норвегия, Швеция, Финляндия сияқты 49 мемлекет кірген. Пост – кеңестік кеңістіктегі мемлекеттер арасынан Әзірбайжан, Армения, Беларусь, Грузия, Россия, Украина және Эстония қатысуда. 

Ұйымның алдына қойылған екі басты міндеті – мүше мемлекеттерде сыбайлас жемқорлықпен күрес тәсілдерін жетілдіру және сыбайлас жемқорлық жағдайларын анықтау және алдын-алу саласындағы оң тәжірибемен алмасудың базасын жасау. 

Қазақстан жағынан шараға сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Төрағасы Алик Шпекбаев қатысты. 

Еуропа Кеңесінен Бас хатшының орынбасары Габриэлла Баттаини-Драгони қатысып, Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатын іске асырудағы біршама ілгерілеушілігі мен оның бастапқы ұсыныс берген сәтінен бастап орын алған оң өзгерістерін атап өтті.  

«Мен Қазақстанның жетістіктерімен және ГРЕКО мүше мемлекеттерімен тиімді ынтымақтасуға дайындығын мақтан етемін. Біз келесі қадамдарды, соның ішінде Сіздің елдің сыбайлас жемқорлық үшін қылмыстық жауапкершілік туралы Конвенцияға қосылуын тағатсыздана күтемін», – деді. 

Алик Шпекбаев Қазақстанның Еуропа Кеңесімен және оның құрылымдарымен оның мүшесі болмай тұрып, 1997 жылдан бастап ынтымақтастық орнатқанын мәлімдеді. Ол: «Біз ерекше қызығушылық тудыратын мәселелер бойынша Кеңестің мүше мемлекеттерімен бірлесіп жұмыс істеуге мүмкіндік беретін бірқатар кеңейтілген келісімдерге қатыса аламыз», – деп атап өтті. 

Анықтама: Қазақстан 2012 жылдың наурыз айынан бастап құқық арқылы демократия үшін Еуропалық комиссияның (Венеция комиссиясы) қатысушысы.

Агенттік Төрағасы: «ГРЕКО-мен ынтымақтастық біздің елдің сыбайлас жемқорлыққа қарсы Біріккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ) Конвенциясының толыққанды қатысушысы ретінде Еуропалық Комиссияның тұжырымдамалық қағидаттарын қолдайтынымызды және сыбайлас жемқорлыққа қарсы шараларды жетілдіруге ниетімізді білдіреді. ГРЕКО-на қосылу бізге сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда еуропалық үздік тәжірибені қабылдауға жол ашады», – деп атап көрсетті. 

Жұмыс кездесуі барысында ГРЕКО атқарушы хатшысы Джанлука Эспозито: «Қосылу келіссөздері сәтті аяқталды. Осы беделді бастамаға 50-ші қатысушы ретінде қосылатын Қазақстанның келісімді тездетіп ратификациялауын күтеміз» (қосылуға шақыру 2013 жылы желтоқсанда жолданған болатын), – деді.

ГРЕКО тарапынан мониторинг рәсімдері аяқталған сәтте Агенттік басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп халықаралық конвенцияларды,  сонымен қоса сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі 20 басты қағиданы ескере отырып, еуропалық елдердің тәжірибесіне негізделген сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы жетілдіру бойынша ұсынымдарды іске асыруға басымдық беретін болады. 

Анықтама: 1997 жылы қабылданған сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі 20 қағида ГРЕКО қатысушылары ұмтылуға тиісті іс–қимылдар тізімі. 

Қазақстанға қол қойылған келісімді ратификациялау қажет, оған сәйкес ГРЕКО өкілдері мен бағалау топтарының мүшелерін жеке қамаудан, жүкті ұстаудан және тәркілеуден, ауызша және жазбаша өтініштер үшін қудалаудан қорғау иммунитеті қарастырылған. 

Бұл рәсімдер халықаралық алаңдағы қалыпты стандарт. ГРЕКО атынан басқа елдерді бағалау үрдісіне тартылатын қазақстандық сарапшыларға да осындай иммунитет беріледі.

ГРЕКО-на қосылу сыбайлас жемқорлық үшін қылмыстық жауапкершілік туралы Конвенцияны ратификациялауға мүмкіндік береді.

Бұл келешекте құқықтық көмек көрсету, қылмыскерлерді экстрадициялау және олар заңсыз иемденген мүлікті қайтару мәселелері бойынша Еуропа елдерімен ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік береді және  халықаралық тергеу тапсырмалары бойынша жүргізілетін Еуропа мемлекеттерінің территориясындағы жедел іздестіру шараларына Қазақстанның құқық қорғау органдары қызметкерлерінің қатысуына негіз болады.