Түркістан облысында «Ауыл ел бесігі» жобасы аясында елді мекендердегі жолдар жөнделе бастады. Ауыл халқының тұрмысын көтеру үшін қолға алынған жоба бүгінде Бәйдібек ауданында жүзеге асырылуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елбасының «Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII съезінде Үкіметке 2019-2021 жылдары «Ауыл-Ел бесігі» арнайы жобасын іске асыру үшін 90 млрд теңге қарастыруды тапсырған болатын. Аталған жоба аясында Бәйдібек ауданында республикалық бюджеттен 400 млн теңге қаралып, Шаян ауылындағы 7,3 шақырымды құрайтын 9 көшеге жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Атап айтқанда айналма жол мен Б.Қарашаұлы, М.Әуезов, С.Әлжанов, Е.Шөкеев, Шәкәрім, Тәуелсіздік, Қ.Сәтбаев, Ә.Жылқышиев көшлеріндегі аяқ жолдар салынып, тұрғындардың жүріп тұруына жағдай жасалуда. Сонымен қатар аталған көше бойларын электрмен жарықтандыру жұмыстары да қарқынды жүргізіліп, көше шамдары орнатылуда. Бұл нысандарға жыл соңына дейін толық жөндеу жұмыстары аяқталып, ел игілігіне пайдалануға берілетін болады.

Ал, Түлкібас ауданына қарасты РЗД-115 ауылының тұрғындары аудан және округ орталығына жаңа жол арқылы қатынайтын болады. Жабағылы ауылдық округіндегі осынау елді мекені бағытындағы жолдың күрделі жөндеу жұмыстары ағымдағы жылдың тамыз айында бастау алып, бүгінгі таңда 80 пайызға аяқталып отыр.

Жалпы ұзындығы 5,7 шақырымды құрайтын жолдың ауыл шетінің 3,1 шақырымына аяқ жол түсіп, күл-қоқыс тастайтың жәшіктер орнатылмақ. Жол нысанының күрделі жөндеу жұмыстары ағымдағы жылдың қараша айының соңында аяқтау жоспарланып отыр.