«Қаратау тәжі» атанып, талайды тамсандырған Кентау қаласына биыл — 64 жыл. Даму кезеңіне бет бұрған шаһардың тыныс тіршілігі, келешекке түзген жоспарлары жайлы арнайы ұйымдастырылған брифингте Кентау қаласының әкімі Дәурен Махажанов БАҚ өкілдеріне баяндап берді.

Түркістан қаласының облыс орталығына айналуы Кентауға да көп өзгерістер әкелгелі тұр. Қаланың аумағы ұлғайып, бұрын Түркістанға қарасты 12 ауылдық округ қарамағына өтті. Нәтижесінде тұрғындар саны 204 мыңға жуықтап, шаһарға 700 мың гектардан аса жер қосылды. Жаңадан қосылған елдімекендердегі ауыз су, жол, мектеп тапшылығы мәселесі өзекті. «Алайда, көлік қатынасын жолға қою бағытында да ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр» дейді қала әкімі Дәурен Махажанов.

«Осы мәселені шешу үшін біз арнайы жолаушылар тасымалы, автомобиль жолдары бөлімін аштық. Басшысын да тағайындадық. Енді олар стратегиялық жоспар дайындаулары қажет. Жаңа автовокзал бар. Түркістанда енді Кентауда шағын автовокзал салу жоспарлануда» деді әкім.

Еркін форматта өткен кездесуде тілшілер көкейде жүрген сауалдарына жауап алды. Мектеп, клубтар, балабақшалардың құрылысы тұрғылықты халықтың, оның ішінде балалардың саны ескеріліп жүргізіледі. Баспанамен қамту мәселесі де шешімін табуда. Кентау қаласында пәтер кезегіне тұрған азаматтардың саны биыл екі есе артқан.

Кентау қаласының әкімі Дәурен Махажанов

Дәурен Махажанов, Кентау қаласының әкімі: «Баялдырда ұстаздарға арналған үйлер бой көтерген. Ұшқайық ауылында болдым. Мұғалімдерге, дәрігерлерге тұрғын үй қажет-ақ. Біз екі қабатты үйлер салуды жоспарлап отырмыз».

Жұмыссыздықты азайту бағытында атқарылып жатқан шаруалар да аз емес. Ақылы жұмысқа тартылғандар полиция бөлімінде, мемлекеттік кірістер саласында еңбек етуде. Бұдан бөлек, 3 жарым мыңға жуық шаруа қожалықтары біріктіріліп, кооперация құрылмақ. Ірілендіру аграрлардың техникамен қамтылуын жеделдетеді дейді мамандар.

Шынар Оразова

Дереккөз: otyrar.kz