Түркістан қаласында түрлі аттракциондар мен заманауи үлгідегі саябақ салынып жатыр.

Демалыс орнында халықтың тынығуына, дене шынықтырып, серуендеуіне барлық жағдай жасалған. Демалыс орнының қақпасы құрастырылып жатыр.

Құрылысшылардың құрал-сайманы мен техникалары да сақадай сай. Нысанның көгалдандырылуын қолға алған алматылық компания материалдарды Есіктегі жылы жайлардан жеткізген. Жұмысшылардың бірі учаскелерге жайғастырылса, енді бірі газон алаңын суаруда. Аграршылар жерсінген көгалдың жайқалып тұратын күні де таяу дейді.

Бақыт Қуатбеков, алматылық компанияның өкілі: «Саябақтан бөлек біз Әзірет Cұлтан, Арбатты көгалдандырудамыз. Жасыл желектен үйеңкі, қарағай, қылқан — жапырақты ағаш көшеттерін отырғызуды жоспарлаудамыз».


Бас жоспарға сәйкес Түркістан қалалық саябағында веложол, фудкорт, орталық алаң жасанды су айдыны және басты аллея қарастырылған. Демалушылар қырдағы Бейбітшілік шатырын қызықтай алады. Жаңа үлгідегі саябақта балаларға арналған аттракциондар, ойын алаңшалары салынады. Құрастырылмалы болғандықтан кейбірі орнатылып та қойған.

Андрей Сляднев, құрылыс компаниясының өкілі: «Өздеріңіз байқағандай біз балалардың аттракциондарын орнатқанбыз. Бұл шетелдік құрастырылмалы ойын элементтері берік болғандықтан ұзақ пайдалануға болады. Және экологиялық таза. Мықты ағаштардан өңделіп жасалғандықтан балалардың денсаулығына еш қауіп төндірмейді».

Дәл осындай балалар алаңшалары саябақтың үш жерінде орналасады дейді жобалаушылар. Демалыс орнында жайлы орындықтар орнатылып, жарықтандырылады. Жаяу жүргіншілер жолы салынады. Жасыл желек бой көтергенде көне шаһардың көркіне көрік қосады.

Шынар Оразова 

Дереккөз: otyrar.kz