Жарылыс болған Арыс қаласында бүгінде қалпына келтіру жұмыстары аяқталуға жақын. Бұл туралы журналистерге сұхбат берген қала әкімі Мұрат Қадырбек мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қала басшысының сөзінше, қалпына келтіру жұмыстары 17 сектор арқылы жүзеге асырылған. Қала бойынша 8522 тұрғын үй бар болатын болса, оның ішінде 104-і көпқабатты баспана саналады. Бүгінде тұрғын үйлер бойынша құрылыс жұмыстары толығымен аяқталып, ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстары жалғасуда. 

«Бастапқы кезде 22 үй сүріліп, қайта салынуы тиіс болса, кейін жөндеу жұмыстары кезінде олардың саны 474 үйге жетті. Күні бүгінге дейін барлығы салынып, қабырғалары тұрғызылған. Шатырлары жабылып, ішкі әрлеу және жылу кіргізу жұмыстары жүргізілуде. Қалада 11 сектор жұмыстарын толығымен аяқтап, қайтып кетті. Қалған 6 секторда құжаттандыру сияқты соңғы жұмыстар жүргізіліп, аяқталуға жақын»,- дейді Арыс қаласының әкімі. 

Мұрат Қабырбектің айтуынша, қаладағы инфрақұрылымды реттеу барысында Арыс қаласының кәріз жүйелері толық жөндеуден өтіп, автоматтандырылған. Қала жылыту маусымына да толық дайын. Зақым келген Арыс көшелері де жөндеуден өтті. Онда аяқжолдар салу жұмыстары аяқталып, жарықтандыру жүргізіліп жатыр. 

«Қала көшелерінің 98 пайызы жөнделіп біткен. 63 көшені жөндеу керек болса, соның 60-ында жұмыстар толықтай аяқталған. Тағы 3 көшеде соңғы жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар қаланың аумағында 500-ден аса кәсіпкерлік нысаны болатын болса, олардың барлығында кәсіпкерлер өз есептерінен жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлік палатасы арқылы оларға өтемақы төленуде»,- дейді қала басшысы. 

Ол сондай-ақ, әлеуметтік маңызы бар 64 нысан «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» есебінен жөнделгенін жеткізді. Аталған қор арқылы жарамсыз күйге түскен 3 нысан қайта салынған. Олардың қатарында спорттық кешен, жедел жәрдем қызметі мен тіс емдеу орталықтары бар. Бұл нысандар осы айдың соңында пайдалануға беріледі деп күтілуде.