Арыс қаласындағы 10 сектордың құрылыс жұмыстарын Шымкент пен Кентау қаласын бірлесіп жүргізді. Сектордағы 580 үйде жөндеу жұмыстары жүргізілсе, 56 баспана жаңадан салынған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

10 сектордың жауапты өкілі Тоқберген Баекеевтің айтуынша, жөндеу жұмыстарына 17 құрылыс компаниясы мен мыңға тарта құрылысшы, 22 техника жұмылдырылған. Жаңадан салынған тұрғын үйлердің шатырлары жабылып, әйнектері мен терезелері қойылған. Қазір бірқатар үйлерде ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде. 

«Бастапқыда жөнделеді деген 2 үй кейіннен жарамсыз деп танылып, қайта бұзуға тура келді. Қыркүйек айының басында бұл үйлер қайта салынды. Қазіргі таңда ішкі сылақтарын жасау керек. Сонымен қатар кейбір үйлерде линолеумдер төселіп, соңғы жұмыстарын аяқтау ғана қалды. Құрылысшылар қалпына келтіру жұмыстарын межеленген уақытта бітіреді деген ойдамыз»,- дейді Тоқберген Баекеев. 

Барлық жұмыстарға 2 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалған. Жалпы қиын-қыстау сәтте қолдау білдіріп, арыстықтарға демеу болған №10 сектордағы Шымкент қаласы мен Кентау қаласы әкімдіктеріне жергілікті тұрғындардың алғысы шексіз.