Маңғыстауда кеудесіне оқ тиген ер адам шұғыл түрде ауруханаға жеткізілді. Қазір оның өміріне қауіп төніп тұрған жоқ деп хабарлайды Маңғыстау облыстық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.

Ведомствадағы мәліметке сүйенсек, бұл оқиға 9 қаңтар күні болған. Кеудесі және өкпе тұсынан оқтан жарақат алған ер адам сағат 11:30 шамасында  ауруханаға жеткізілді.

«Ота сәтті аяқталды. Науқастың жағдайы әлі де нашар. Дегенмен дәрігерлер оның өміріне ешқандай қауіп төніп тұрмағанын айтады», –  дейді Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.

Сондай-ақ, ведомствада ер адамның байқаусызда мылтықтан өзіне оқ атып алғаны айтылған. Құқық қорғаушылар болған оқиғаның мән-жайын анықтауда.

Дереккөз: Tumba.kz