Елордада өткен аптада жаңа босанған екі әйелдің өлімі тіркелді. Келіншектердің сәбилері де тірі қалмаған деп жазадыSputnik Қазақстанға сілтеме жасаған turkistannews.kz.

Бірінші қайғылы жағдай 31 қазан күні орын алған. Дәрігерлердің айтуынша, 30 жастағы әйел тоғыз айлық мерзімінде қайтыс болды. Оның сәбиі де көз жұмған.

Жүргізілген сот-медициналық сараптаманың қорытындысы бойынша, марқұм келіншектің миында туа біткен патология табылыпты. Әйел адамның дерті көзінің тірісінде анықталмаған.

Екінші оқиға төртінші қараша күні болды. Дәрігерлер онсыз да ауыр жағдайда келіп түскен 38 жастағы әйелді құтқара алмапты.

Мамандар келіншектің өлім алдындағы күйде болғанын айтты. Оған қоса, олардың мәлімдеуінше нәресте анасының құрсағында-ақ бөлшектене бастаған.

Әйел адам ұзақ уақыт бойы медициналық көмекке жүгінбей, жүктілікті тоқтату үшін арнайы дәрілерді қолданған.

Дәрігерлердің айтуынша, марқұм келіншек жүктілігі жоспарда болмағандықтан баланы туғысы келмеген. 38 жастағы әйелдің тұрмысқа шықпағаны да анықталды. Оған қоса, ол аяғы ауыр екенін туыстарынан жасырып келген. Келіншек жүктілігі бойынша еш жерге тіркеуге тұрмаған.