Зульфия Чиншанло Ашхабадта өтіп жатқан әлем чемпионатында жүлдесіз қалды. Ауыр атлет қос жаттығу нәтижесі бойынша бесінші орынға табан тіреген деп хабарлайды vesti.kz-ке сілтеме жасаған turkistannews.kz.

Қазақстандық спортшы қыз 55 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен.

Жұлқа көтеруде отандасымыз екі мүмкіндігін сәтті пайдаланып, бастапқыда 90 келіні кейін 93 келі зілтемірді көтергенімен үшінші мүмкіндігінде мүл кетіп, 95 келіні көтере алмаған.

Ал серпе көтеруде 120 келіні бірінші мүмкіндігінде көтергенімен, төрешілер есепке алмаған. Ал екінші мүмкіндігінде бұл салмақты бағындырғанымен үшінші ретте 125 келіні көтере алмаған.

Осылайша отандасымыз жарыс жолын 213 (93+120) келімен бесінші болып аяқтаған.

Айта кетейік, бұл салмақтағы алтын медаль таиландтық ауыр атлетке бұйырса, күміс және қола жүлделерді қытайлық қыздар бөлісіп алған.