Еліміздегі ауыр атлетика федерациясы Ашхабадта өтетін 2018 жылғы Әлем чемпионатына Илья Ильин шығады ма деген сұраққа нақты жауап берді деп хабарлайды Olimpic.kz сайтына сілтеме жасаған turkistannews.kz.

Федерацияның атқарушы директоры Алдияр Нұралинов атақты зілтеміршінің чемпионатқа қатысуына байланысты сөз қозғады.

"Оның жарақаты туралы білетінбіз, өзін жиі мазалап тұратынынан да хабардар едік. Бірақ соңғы кездері ол тіпті асқынып кеткен соң, Ильяның бас тартуы бізге таңғаларлық жаңалық болған жоқ", - дейді ол.

Нұралиновтың айтуынша, спортшы Түркіменстан астанасында томографиялық тексеруден өтіп, денсаулығында басқа да қиындықтар туындағанын білген.

"Ильяның протрузиясынан бөлек, жұлынында жарық бар болып шықты. Оны міндетті түрде емдеу керек", - дейді Нұралинов.

Сондай-ақ, ол Ильиннің алдағы чемпионатқа қатыса алмайтынын мәлім етті.

Атқарушы директор Федерация алдындағы міндет - спортшының денсаулығын қалпына келтіруге жағдай жасап, содан кейін оны жаттығу алаңына тезірек қайтару деп санайды.

Еске салсақ, Илья Ильин денсаулық жағдайына байланысты әлем чемпионатына қатысудан бас тартқан болатын.

Содан кейін спортшы жағдайының қаншалықты нашарлап кеткенін де өз аузымен айтып берді.