Түркіменстанның оңтүстігіндегі Мары уәлаятында орта мектеп оқушыларынан ту, президент суреті және басқа да заттарды алу үшін ақша жиналған.

Азаттық радиосы түркімен қызметінің тілшісі мұғалімдердің оқушылардан жинаған ақшасына қандай заттар алынатынын анықтады.

"Байрамали қаласындағы № 4 мектептің ұстаздары 11 сынып оқушысынан 400 манаттан (шамамен 114 доллар) жинаған. Мұғалімдер бұл ақша ту, президент суретін, кеңсе заттарын алу үшін қажет екенін айтқан", - деп хабарлады тілші.

Ауқатты отбасындағы оқушылардың ата-аналарынан 500-600 манаттан жиналғаны белгілі болды. Тілші мәліметі бойынша, мұғалімдер қазір демалыста жүрген оқушыларды ақша жинау үшін шақыртқан.

Азаттық тілшісі қала мектебінің басшылығымен сөйлесе алмады.

Мұғалімдер ақша жинаудың оқу жылы соңында оқушылардың бағасына әсер ететінін ата-аналарға ескерткен. Мектеп бітіруші түліктің аттестатындағы баға жиналған қаражаттың көлеміне байланысты болуы мүмкін деп хабарлады тілші.

Аттестаттағы баға мектеп түлектерінің жоғары оқу орнына түсуіне де әсер етеді. "Мысалы, аттестатта үш, ал оқушыға берілген сипаттама нашар болса, оның жоғары оқу орнына түсуі қиындайды" деп хабарлады Азаттық тілшісі.