Оралдық 15 жанұя Сирияға кеткен балаларын қайтару үшін кіметтен көмек сұрап отыр. Олардың көбі радикалды бағытты ұстанып, "адал соғысқа" аттанып кеткен жақындарының каза болғаны туралы естіген. Алайда бұл хабарға сенгісі келмей, зар жылаған ата-аналар тым болмаса немере-жиендерін отанына алып келуді өтінуде деп хабарлайды Астана телеарнасынасілтеме жасай отырып turkistannews.кz.

Қала тұрғыны Айнаш Төрееваның ұлы 2013 жылы өз жұбайы мен алты айлық баласын алып Сирияға аттанып кеткен. Алайда ол араға екі жыл салып ұлының қаза тапқанын естіпті.

Әйелдің сөзінше, қазір немерелері Сирияда еш құжатсыз жүр. Бомба арасында өмір сүріп жатқан олар елге қайтаруын жылап сұрайды екен. Оралда дәл осындай мұң-шерін жеткізіп отырған 15-тей ата-ана бар.

"Құжаттары жоқ, тамақтары жоқ. Күнде соларды бомбалап жатыр. Бүгін бармыз, ертең жоқпыз ба, көмектесші деп жылап сұрайды. Бірінші Алладан сұраймыз, екінші үкіметтен сұраймыз. Артында қалған немерелерімізді қайтарса екен деп. Бүкіл Орал облысында 15 ата-анадай отырмыз", - дейді Айнаш Төреева.

Қазір Сириядағы соғысқа жалпы қанша оралдықтың аттанғаны белгісіз. Ал Батыс Қазақстан облыстық дін істері басқармасы басшысының міндетін атқарушы Азамат Төлепов бұл ақпараттың құпия екенін айтқан.

Дегенмен ол 2013 жылдан бастап төрт келіншек балаларымен бірге елге оралғанын айтады. Қазір оларға түрлі психологтар мен заңгерлер көмек көрсетіп жатыр екен.