Қазақ халқы «үйлену оңай, үй болу қиын» деп бекер айтпаған. 

Бүгінде елімізде шаңырақ көтерген отбасылардың жартысына жуығы көп ұзамай ойрандалып жатады. Соңғы уақытта ажырасу, тіпті сәнге айналғандай. Sputnik Қазақстанға сұхбат берген экс-судья, қазіргі заңгер, «Отбасы мектебі» қорының қызметін үйлестіруші Жасұлан Нұрмахамбетов ажырасқан ерлі-зайыптылардың оқиғаларымен бөлісті.

«Проблеманың бәрі ажырасқаннан кейін басталады»

Жасұлан Нұрмахамбетов Павлодар қалалық сотында екі жыл судья болып қызмет еткен. Сол аралықта отбасылық мәселеге қатысты 350-ге тарта іс қарапты. Әр істің артында адам тағдыры.

"Ажырасудың себептеріне үңілсем, бәрі болмашы нәрседен басталады. Әйелдер "күйеуім маған көңіл бөлмейді, есіл-дерті жұмыс, намаз оқып кетті" деп шағымданады. Ал ер адамдар болса, әйелім тамақты дұрыс пісірмейді, тәртіпсіз деп мұңын шағады. Былай қарап отырсаң, сондай болмайтын нәрселер. Жұртта мынадай түсінік қалыптасқан: егер мен ажырассам, барлық проблемам аяқталады. Ал шын мәнісінде, ажырасу – нөмірі бірінші проблема. Одан кейін үй бөлісу, алимент өндіру, баланың оқуына ақша төлеу сияқты мәселелер шығады. Яғни, адамдар проблеманы оңай жолмен шешудің орнына өмірлерін қиындатып алады", - дейді заңгер.

Айтуынша, ажырасуға келгендердің ең үлкені 1936 жылғы болса, ең жасы да 18-19 жастағы жас жұбайлар екен. Үйленбей жатып, алты айдан кейін сотқа жүгінген.

Ал ата-енесінің араласуынан шаңырағы шайқалған ерлі-зайыптылар саны шамамен 30-40 процентті құрапты.

"Ерлі-зайыптылардың дені отбасылық өмірдің алғашқы бесжылдығында айырыласады", - дейді ол.

"Бұрынғы күйеуімен қайта қосылғысы келеді"

Нұрмахамбетовтің айтуынша, ажырасуға арызды бірінші болып әйелдер жазады. Себебі олар ақылмен емес, эмоциямен әрекет етеді.

"Тәжірибемде мынадай жағдай болды. Бірде ер адам келіп, "әйеліммен айырылысқым келмейді, онымен сөйлесіп, райынан қайтарсаңыз" деп өтінді. Сосын әлгі әйелді қарама-қарсы отырғызып қойып, сөйлестім. Себебін сұрадым. Келіншегі "жолдасым маған көңіл аудармайды" дейді. Ер адам болса, қала сыртына жұмысқа барып, бала-шағаның қамымен жүр. Әйеліне "аздап сабыр етіңіз, күйеуіңіздің ажырасқысы жоқ" деп айтып көрдім. Бірақ көнбей қойды. Ақыры ажырасып тынды. Бір жылдан кейін жаңағы жігіт басқа біреуге үйленді. Өз отбасы, бала-шағасы бар. Ал бұрынғы әйелі жалғызбасты, қиналып жүр. Бала үшін қосылайық дейтін көрінеді. Өз әрекетіне өкініп жүр», - дейді экс-судья.

«Ақшаның жетіспеуі ажырасуға себеп емес»

Нұрмахамбетовтің пікірінше, ақшаның жоқтығы, ер мен әйелді бір-бірінен алыстатпайды, керісінше, жақындастыра түседі.

«Жоқтықтан емес, тоқтықтан шаңырағы шайқалған отбасыны көрдім. Тапқан табысы жетпесе де, ерлі-зайыптының ортақ мақсаты, ортақ армандары болды. Кейін күйеуінің ісі алға басты. Үй сатып алды, әйеліне көлік мінгізді, өзі де алды. Тұрмысы жақсарды. Көп ұзамай байлықтың буына мастанып, екеуі де өз шаруасымен әуре болып кетті. Аралары суыған. Ортақ мақсат, ортақ жоспар болмағаннан кейін, отбасы бұзылды», - деп әңгімеледі заңгер.

Айтуынша, сотқа ажырасуға келген отбасылардың көбісінің жағдайы нашар емес, орташа.

«Ақшадан қиналып, айырылысқандарды өз басым көрген жоқпын», - дейді ол.

«Ажырасуға тұрарлық бір ғана себеп көрдім»

«Бір әйел сотқа талап-арыз береді. Жолдасымен сегіз жыл бірге тұрады екен, бірақ бала көтере алмаған. «Күйеуім белсіздікке шалдыққан, менің бала көтеруге мүмкіндігім бар. Сол үшін ажырасып, кеш болмай тұрғанда, тұрмыс құрып, бала сүйгім келеді» деді. Осындай бір оқиға болды. Міне, мұны енді ажырасуға тұрарлық бір ғана себеп деп ойлаймын», - деді заңгер.

«Күйеуімді қорқытып берші деп келетін»

Жасұлан Нұрмахамбетов сотта ерлі-зайыптыларды татуластыру жағынан көрсеткіші жоғары судья болған.

«Ажырасуға бел буып келген адамдармен сөйлесу өте қиын. Десе де, өмірден алынған мысалдар келтіріп, райынан қайтаруға тырысасыз. Кәрісі бар, жасы бар. Кейбір әйелдер «күйеуім ішіп жүр, сотта өйтем-бүйтем деп айтып, қорқытып берші» деп те келді. Мен ер адамдарға ажырасудың зардаптарын айтып түсіндіруге тырысамын. Түптеп келгенде, ажырасып жатқан адам дәл сол сәтте өзін ешқашан бақытты санамайды. Айырылысу психологиялық түрде әлгі жұптың өзіне әсер етеді», - дейді бұрынғы судья.

«Отбасылық істі қарайтын судьялардың дені – ажырасқандар»

Нұрмахамбетовтің пікірінше, ажырасу істерін отбасы құрған судьялар қарағаны дұрыс.

«Қазір сотта ажырасқандар көп, көбіне әйелдер. Өз отбасын сақтай алмаған жандар өзге жанұяның мәселесін қарайды. Меніңше, бұл дұрыс емес. Осыған біздің судьялар көп мән берсе екен деймін», - дейді заңгер.

Осы орайда ол ерлі-зайыптының ісін қараған әйел судьяның әрекетін әңгімелеп берді.

«Жақында маған бір азамат хабарласты. Әйелі сотқа ажырасу туралы арыз беріпті. Іс әйел судьяға түскен екен. Әлгі ер адам «Жасұлан, мен отбасымды бұзғым келмейді, сотта не айтайын» деп сұрады. Татуласуға уақыт берсін деп айт дедім. Бірақ, судья әлгі ер адамды көрген бойда, «сен осындайсың, әйеліңді неге қорлайсың» деп айғайлай бастаған. Әйеліне «мынадай ер адам саған керек емес, бұл кісімен тұрма» деп ақыл айтқан. Бұл жерде субьективті ой кіріп кеткен. Яғни, судья әйелдің жағына шығып кетіп, бір тарапты ұстанған», – дейді ол.

«Отбасының берік болуы ер адамға байланысты»

«Үйленіп алғаннан кейін ер адамдар "әйелім бұзылып кетті, мінезі өзгерді, тани алмай жүрмін" деп түрлі сылтау айтады. Қыз баласы гүл сияқты, егер оны күтіп, қарай алмайтын болсаң, ол бір аптадан кейін солып, өліп қалады. Отбасылық өмірде де тура сол секілді. Жарыңа дұрыс қарым-қатынас жасай алмасаң, әйел ретінде дұрыс тәрбиелеп, қамқор бола алмасаң, ол бір күні бұзылады. Сондықтан шаңырақтың шайқалмауы, берік болуы ер адамдарға байланысты. Жауапкершілік сол кісілерде», - дейді заңгер.

Нұрмахамбетов бақытты отбасының құпиясы – іштегі сырды сыртқа айтпау деп санайды.

«Адамдар ішкі сырын жұртқа ақтарып, басқалардың ақылын тыңдайды. Ал жұрт ерлі-зайыптыны татуластыратын емес, отбасын ойрандайтын ақыл-кеңес береді», - дейді «Отбасы мектебі» қоры қызметін үйлестіруші.