Қазақ жастары батыстың "әулие валентин" күнін тойлаудан бас тартқаны сол еді, Қазақстанда Еуропа елдерінде кеңінен танымал болған тағы бір мереке атап өтіле бастады. Қазан айының 31 жұлдызымен тұспа тұс келетін "хэллоуин" мейрамын тойлауда, әсіресе, астаналық жастар алдына жан салмай тұр. Олардың дені арнайы костюм киіп, тіпті беттеріне грим жасатпақ деп хабарлайды turkistannews.kz.

Астаналық жастар биылғы хэллоуинге тайлы-тұяғы қалмай дайындалып жатыр. "Жыл өткен сайын Қазақстанда аса танымал бола бастаған батыстың мерекесін неліктен тойлайсыздар?" деген сауалымызға, елордалық студенттердің басым көпшілігі былай деп жауап берді.

"Онда тұрған ештеңе жоқ. Кішкентайымызда "хэллоуин" жайлы теледидардан жиі көретінбіз. Өз дінімізді немесе мекерелерімізді сатып кетіп жатқан жоқпыз. Сондықтан, қандай да бір әбестік көріп тұрған жоқпыз. Тек арнайы костюм киіп, бетімізді бояймыз. Тура жаңа жылдағыдай. Сосын кешке арнайы осы тақырыпта өтетін мерекеге барамыз, бар болғаны сол ", - дейді астаналық бір топ студент қыздар.

Ал олардың кейбірі тіпті, костюм таңдауға көп уақыт жұмсадық дейді.

"Қазір базарларда, барлық жерде костюмдер сатылып та жатыр, жалға да беріліп жатыр. Мен мысалы шайтан болып киінемін. Құрбым мыстан болады. Гримді де өзіміз жасап алатын болдық. Студентте қымбат костюм алатындай ақша бола бермейді ғой? Жай, қыздар болып осылай атап өтуді ұйғардық", - дейді астаналық жастар.

Сол сияқты блиц-сауалнамаға қатысушылардың арасында аталған мерекеге қарсы болғандар да табылды.

"Біз де студентпіз, Еуразия университетінде 4-ші курсында оқимыз. Қыздар жағы тойламаса, ұлдар мұндайға бара бермейді. Еріккендер ғой? Хэллоуинсіз-ақ өмір сүрдік. Сондықтан, оны тойлаймыз деп жатқан жастарға айтарымыз, одан да жұмыс істеп, ата-аналарыңызға көмектеспейсіздер ме?", - дейді ұлттық университетіт студенттері.

Айта кетейік, "Хэллоуин" мерекесін әлем халқы 31 қазан күні атап өтеді. Мереке күні көптеген Еуропа елдерінің тұрғындары құбыжықтар мен адам шошытар кейіптегі костюмдер киеді. Мейрамның басты символы - асқабақтан жасалған шам болып есептелінеді.