Қазақстандық боксшы Геннадий Головкиннің келесі жекпе-жегіне қарсылас таңдалды. GGG-дің рингтегі келесі кездесуі Ұлыбританияда өтуі мүмкін деп хабарлайды Sports.kz сайтына сілтеме жасай отырып turkistannews.kz.

Головкин рингке көктемде қайта оралады. Ал оның қарсыласы WBA чемпионы Каллум Смит болуы мүмкін.

Головкиннің промоутерінің айтуынша, Ұлыбританияда өтетін бокс кеші қызықты болмақ. Леффлер аталмыш елде күшті боксшылар мен GGG-дің фанаттары көп екенін мәлім етті.

"GGG қай елде де танымал. Ол Келл Брукпен жұдырықтасып, солд-аут ұйымдастырды. Оның ашық алаңдағы жаттығуын көру үшін төрт мың адам жиналды. Британдық фанаттары оны жақсы көреді", - деді промоутер.

Сондай-ақ, Леффлер допинг дауы шыққан боксшы Билли Джо Сондерспен жұдырықтасу Головкиннің командасына маңызды емес екенін атап өтті.