Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Құрбан айт мерекесі қарсаңында сотталған Ярослав Голышкин және Ерлан Балтабайға рақымшылық жасады. Журналист пен қоғам қайраткері өкінетінін айтып, мемлекет басшысына жүгінген болатын. Бұл туралы Денис Кривошеев желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Stan.kz 

Ярослав Голышкин ірі көлемде ақша бопсалауға араласты деген айыппен 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол өзінің кінәсін толықтай мойындап, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан рақымшылық беруді сұрады. 7 жылға сотталған Ерлан Балтабай да өз кінәсін толықтай мойындап, материалдық шығынды түгелдей өтейтінін айтты.

«Құрметті, Президент! Қасиетті Құрбан айт – өзіндік орны бар мемлекеттік үш мерекенің бірі. Өз кінәсін шын мойындап, өкініш білдіргендерді босату дәстүрге айналсын! Кез келген жазаның түбі – өз әрекетіне өкіну! Сізге рахмет және мерекеңізбен», – деп жазды Денис Кривошеев өзінің желідегі парақшасында.

Естеріңізге сала кетсек, Ярослав Голышкин павлодарлық «Версия» газетінің редакторы. Ол ҚР ҚК 194 және 132-баптары бойынша айыпталды. 2015 жылдың 30 қазанында сот журналисті 8 жылға бас бостандығынан айырып, мүлкін тәркіледі.

Ерлан Балтабай – Шымкент қаласының «Достойный труд» қозғалысының лидері. Оған қатысты қылмыстық іс 2018 жылдың қыркүйек айында 189-бап бойынша қозғалды. Өзіне тиесілі емес 10 млн 800 мың теңгені жымқырды деген айып тағылды.